Ұлтаралық шиеленістер этникалық анклавтардың пайда болуынан туындайды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қазақстанда кез келген этникалық кемсітушілік пен менсінбеушілік көрінісі қатаң түрде жазалану керек екенін мәлімдеді

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық тәртіпті, тұтастай алғанда – ішкі тұрақтылықты бұзу әрекеттерін заңға сәйкес қатаң түрде алдын алу керек екенін мәлімдеді.

Президенттің сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – әлеуметтік, криминалдық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу болуы керек. Барлық деңгейдегі әкімдіктер азаматтардың этникалық немесе тілдік негіздегі құқықтарының бұзылуына байланысты превентивтік және ақпараттық жұмыстар жүргізуі қажет. 

«Тәжірибе көрсеткендей, біздің жағдайда этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді. Ассамблея осы бағыттағы негізгі органға айналуы тиіс деп санаймын», - деді Тоқаев. Сонымен қатар, ол «бірлігімізге сырттан және іштен зиян келтіруді көздейтін адамдарға, әр түрлі авантюристерге, жауапсыз және біліксіз саясаткерлер мен сарапшылардың» жетегінде кетіп қалмау маңыздылығы жайлы да айтты. "Ит үреді – керуен көшеді" деген ескі мақал бар. Монолитті, біртұтас қоғам ретінде біз өзімізге сенімдіміз, өйткені біздің ісіміз дұрыс. Біз қоғам мен мемлекетімізге қарсы түрлі арандатуларға тойтарыс беріп, құқықтық құралдармен, ақпараттық құралдармен күресуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, этностардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануы – этникалық анклавтардың пайда болуына және мәдени, тілдік кедергілерге әкеліп соғады. Бұдан кейін этносаралық шиеленістің өсуі және қақтығыстар орын алуы мүмкін.

«Әлемдегі түрлі теріс жағдайларды ескере отырып, еліміздің ауылдық жерлері мен қалаларында этностық аудандар пайда болуының теріс үрдісін еңсеру үшін жүйелі шаралар әзірлеу қажет. Бірқатар өңірде этникалық топтардың өкілдері қазақстандық бірегейліктен алыстаған кезде ішкі көші-қон феномені де байқалады. Мұндай үрдіс қазақстандық этностардың толыққанды интеграциясына кедергі келтіруі мүмкін», – деді ол.

Президент өңірлерді дамыту мәселесін ескере отырып, этнодемографиялық саладағы үйлесімділікке қол жеткізу тұрғысынан қарау керек деп санайды. Адам әлеуетінің сапасын арттыру да осыған байланысты.

«Жиын барысында ол мемлекет этностардың әлеуметтік-экономикалық интеграциясы саясатын мақсатты түрде жүргізіп, шиеленістердің алдын алу үшін барлығын жасайтынын да жеткізді. «Біз мұндай қақтығыстар арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Оларға қарсы күрес жүргіземіз және оларға аяу жоқ», – деді Президент.