Сакаашвилидің анасы Украинадан көмек сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Саакашвилидің 35 күннен бері нәр татпағанын айтты

Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвилидің анасы Украина президенті Владимир Зеленскийден көмек сұрады. Ол ұлын Украинада емделуге жәрдем беруін сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Саакашвилидің анасы Гили Аласания бұл туралы Facebook парақшасында бейне хабарлама арқылы жолдады. Ол Саакашвилидің 35 күннен бері нәр татпағанын айта келе оған ешкім аман қалуына көмектеспей жатқанын айтты.

«Бізге бірнеше рет көмектескен Зеленский мырзаға жүгінгім келеді. Бізге қазір оның қолдауы мен көмегі ерекше қажет. Михаилдің Украинаға өтуін қандай да бір жолмен ұйымдастыру керек. Ол 35 күннен бері нәр татпады. Елестетіп көріңізші. Кез-келген уақытта күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Бірақ бұл ешкімді алаңдатар емес. Мен сізге қатты үміт артамын. Сол сияқты Украинадағы әрбір адамға. Украина билігіне жүгінемін. Әрине, ең алдымен Зеленский мырзаға», - деді ол.

Оның айтуынша Саакашвилиге берілген жалғыз көмек – түрме ауруханасы, онда тиісті мамандар жоқ және мұндай науқастарды емдеуге жағдай жоқ.

Украинаның Жоғарғы Радасының адам құқықтары жөніндегі комиссары Людмила Денисова Telegram каналында Саакашвилиден келген хатты жариялады. Онда саясаткер анализ нәтижесі мен денсаулығының күрт нашарлағанын айтқан.

«Соңғы күндері анализ нәтижелері тым нашарлап кетті. Ал үкімет өзіңіз білетіндей мені өлтіргісі келіп отыр. Олардың фракция жетекшілері 41-күні өлмесем күлкілі болатынын тікелей айтты», - делінген Грузияның экс-президенті жолдаған хатта.