Аида Балаева Facebook-тің бірлескен мәлімдемені жоққа шығаруына байланысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» қолжетімділік бергені хабарланған

«Facebook» компаниясының біріккен мәлімдемені теріске шығаруына қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында «Meta» («Facebook») компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Өңірлік кеңсесінің коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонэхи мырзаның (Ben McConaghy) теріске шығарған мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша «Meta» («Facebook») компаниясының өңірлік офисімен жүргізді.

1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-да жариялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік бергені хабарланған. Өз кезегінде Facebook бұл мәліметті жоққа шығарды.