Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы екі күн электр станциясы құрылыстарының аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «TotalEnergies» мұнай-газ концернінің басшыларын қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Ақорданың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы «TotalEnergies» концерні президентінің аға кеңесшісі Арно Брейякпен және «TotalEnergies» барлау және өндіру» компаниясының президенті Николя Терразбен кездесу өткізді.
Президент француз кәсіпкерлеріне ілтипат білдіре отырып, Николя Терразды «TotalEnergies» барлау және өндіру» компаниясының басшысы қызметіне жаңадан тағайындалуымен құттықтады.
«Кездесу барысында «TotalEnergies» компаниясының қатысуымен жаңартылатын қуат көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы екі күн электр станциясы құрылыстарының аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті.
Арно Брейяк Мемлекет басшысына қуаты 1 ГВт болатын жел энергетикасы кешенінің құрылысы туралы меморандумға қол қойылғаны туралы, сондай-ақ концернді Қазақстанда және әлемде одан әрі дамытудың перспективалары жөнінде айтты», - делінген «Ақорда» хабарламасында.
Сонымен қатар кездесуде Қашаған және Дұнға кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттыру мәселесі көтерілді.