Сондықтан жергілікті билік санитарлық талаптарды қатаңдатып, міндетті вакциналау шарасын енгізе бастады
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Мәселен, Украинада келесі айдың басында мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің егілгені жіті тексеріледі. Ал Финляндия мен Австрияда вакцина мен ПТР тесттен бас тартқандар айыппұл төлейді.
Украинада қарашаның 7-сінен бастап мұғалімдер мен кей мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде коронавирусқа қарсы егілуі тиіс. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, вакцина қабылдамаған ұстаздар жұмысын жалғастыра алмайды. Жергілікті билік бұл талап өзге де мамандық иелеріне қатысты болуы мүмкін дейді. Болжам бойынша олардың тізіміне әлеуметтік қызметкерлер, пошта мамандары мен коммуналдық қызмет жұмысшылары кіруі ықтимал.
Финляндияда коронавирусты анықтайтын тесттен өтуден бас тартқандар айыппұл төлеуге мәжбүр. Қазір Хельсинки уезіндегі сотта санитарлық ережені бұзған 3 адамның ісі қаралып жатыр. Талапқа бағынбаған тұрғындар саны 60-тан асады. Айыппұл мөлшері бірнеше мың еуродан басталады. Егер тесттен бас тартқан адам өзге тұрғындарға вирус жұқтырса, оған қатысты жаза біршама қатаңдатылады.
Австрия билігі коронавирусқа қарсы шараны қатаңдата бастады. Енді вакцина алмағандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Әр адамның қолында егілгенін немесе ПТР тест нәтижесін растайтын құжат болуы керек. Ереже бұзған қызметкер 500 еуро, ал жұмыс беруші 3 600 еуро айыппұл төлейді.