А. Мамин: СБЕР өнімінің негізгі артықшылығы – ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау

Автор: Azattyq Rýhy

Премьер-министрге «Ақжол» партиясы депутаттық сауал жолдады

Қазақстан Үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімге келуіне қатысты Премьер-министр Асқар Мамин пікір білдірді хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын.

«...Осы келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды? Келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады? Жиырма бірінші ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі ел Тәуелсіздігінің маңызды факторы деп санаймыз», ˗ делінген депутаттық сауалда.

«Ақ жолдықтарға» Үкімет басшысы былай деп жауап беріпті:

«Биыл қыркүйекте Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Платформалық шешімдер саласындағы көшбасшылармен (Amazon Web Services, Microsoft Azure, Google Cloud Platform және т.б., оның ішінде отандық IT-компаниялардың мүмкіндіктері қаралды) СБЕР компаниялар тобын тарту мәселелері халықаралық тәжірибені талдау мен IТ-қоғамдастықпен талқылауды ескере отырып, жан-жақты зерделенгенін атап өткен жөн. «Platform V» СБЕР өнімінің негізгі артықшылығы ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарына сәйкестігі болып саналды. Енгізілетін цифрландырудың платформалық моделінің одан әрі жұмыс істеуі және қолданыстағы сервистердің орын ауыстыруы мақсатында меморандумда толыққанды цифрлық трансформация үшін қазақстандық мамандар мен IT-компанияларды тарту бойынша екіжақты ынтымақтастық көзделген», ˗ делінген А. Маминнің жауабында.

Сонымен қатар ол, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік беретінін атап өтті.

Қауіпсіздік органының талабына сәйкес ресейлік техникалық мамандар платформаның немесе «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізу тәртібі шектелгенін айтқан.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы