АҚШ конституциясы бойынша Конгресс президентті тақтан тайдыруға құқылы
Кеше АҚШ Конгресс спикері Нэнси Пелоси өкілдер палатасының президент Дональд Трамптың импичмент процесін ресми түрде бастауға дайын екенін мәлімдеді. Ақ үй қожайынын қызметтен қуу әрекетіне оның Украина президенті Владимир Зеленскийге 25 шілдеде жасаған телефон қоңырауы себеп болды. Сенаторларға сенсек, Трамп әңгіме барысында Украина билігінен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденге қарсы тергеу әрекетін жүргізуді талап етіп, қысым көрсеткен. Сонымен бірге, Трамп Киевке жіберілетін әскери көмекті екі айға әдейі кешіктіргенге ұқсайды.
ТРАМПТЫҢ ЖАУАБЫ
Трамптың өзі Владимир Зеленскийден Джо және Хантер Байдендердің қызметіне қатысты тергеу жүргізуін сұрағанын мойындады. Бірақ оны «қысым көрсету» деп атауға болмайтынын жеткізді. Әңгіменің аудио жазбасын ашық жариялауға дайын екенін де мәлімдеді.
«Әңгіме достық негізде болды. Байден мен оның баласынан ерекшелігі – қоңырауөзара пайда үшін жасалмаған», - деді ол.
АҚШ президенті Украинаға көрсетілетін 400 млн долларлық әскери көмекті екі айға кешіктіргенін жоққа шығармайды. Бірақ ақшаны Байден үшін емес, Еуропа елдері де көмектессін деген мақсатта ұстап қалғанын алға тартты, ол. Сондай-ақ, твиттерде демократтар әрекетін «адамның соңына жөнсіз шам алып түсу (Witch Hunt) деп бағалады. Айтуынша, кінәләушылар тіпті телефон қоңырауы жазбасын тыңдамаған. Соңғы твитінде:
«Біздің елдің тарихында ешқандай президентке дәл мен сияқты сыйластық көрсетпеу әрекеті болмаған. Демократтар жеккөрініш пен қорқыныштан мұз боп қатып қалған екен. Олар ештеңе де тындырған жоқ. Басқа ешбір президентке енді бұлай жасалмауы тиіс», - деп жазды.
БАЙДЕНДЕРДІҢ УКРАИНАҒА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?
Джо Байден – АҚШ-тағы 2020 жылғы өтетін сайлауда президенттікке үміткер. АҚШ элитасындағы беделді тұлғаны саясаттанушылар алдағы саяси науқанда Трампқа басты қарсылас болады деп болжап отыр. Сол Байденнің бизнесмен ұлы Хантер Байден 2014 жылдан кешегі сәуір айына дейін Украинаның «Burisma Holdings» атты ірі газ компаниясының Директорлар кеңесінің құрамында болды. Ол аталған қызметке тағайындалған кезде әкесі АҚШ-тың вице-президенті ретінде Украинамен қарым-қатынас мәселелеріне жауапты еді.
Енді Дональд Трамп өзінің қарсыласы мен оның ұлына Украинада жемқорлық әрекеттерге барды деп кінә тағуда. Ал Конгресс спикері Нэнси Пелоси президент бөтен елді Американың ішкі ісіне, сайлау науқанына араластырып отырғанын айтады.
«Дональд Трамп өзінің берген антына, Ұлттық қауіпсіздікке, сайлаудың әділдігіне сатқындық жасады», - деді, спикер.
«ИМПИЧМЕНТ» ДЕГЕН НЕ?
АҚШ-тың Конституциясы бойынша Конгрестің президентті тақтан тайдыруға құқы бар. Яғни, мемлекет басшысының сатқындық, жемқорлық немесе тағы басқа қылмыстары дәлелденсе қызметтен кетіреді. Осы процесс «импичмент» деп аталады.
Америка тарихында импичмент үш рет жарияланған. 1868 жылы Конгресс Эндрю Джонсонды, 1998 жылы Билл Клинтонды биліктен кетіруге әрекет жасады. Бірақ екеуі де орындарын президенттік мерзімдері біткенге дейін сақтап қалды. Ал 1974 жылы Ричард Диксон импичмент жарияланған соң соңғы шешімді күтпей-ақ орнын босатқан.
Қазір Өкілдер палатасының алты комитеті Дональд Трампқа және оған қарасты компанияларға қатысты тергеуді бастап кетті. Жалпы жиналыста егер конгресмендердің көп бөлігі импичментті қолдаса, президент қызметінен кетеді. «New York Times» газетінің мәліметінше, қазір Трампты 173 депутат қолдайды, 73-і қарсы. Қалған 183-і әзірге қалыс қалып отыр.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Ассамблеясының 74-і сессиясы кезінде «Россия24» арнасына берген сұхбатында Украина президенті Трамп тарапынан қысым көрсетілгенін жоққа шығарды. Әзіл араластыра жауап қатқан ол:
«Маған ешкім қысым көрсете алмайды, себебі мен тәуелсіз Украинаның президентімін. Мені қорқыта алатын бір ғана адам болса, ол менің алты жасар ұлым», - деді.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрі Вадим Пристайко да Трамп Зеленскийге ешқандай қысым жасамағанын мәлімдеген.
Абай СЕЙФУЛЛА