Джо Байден жоғары лауазымға ұсынған Қазақстан тумасы жайлы әлемнің жетекші басылымдары жазуда

Автор: Azattyq Rýhy

Егер АҚШ президенті ұсынған Сәуле Омарованың кандидатурасын Сенат бекітетін болса, ол елдің банк жүйесін реттейтін ең ықпалды құрылымның басшысы атанады

Сәуле Омарова АҚШ-тың Ivy League атты көшбасшы сегіз жоғары оқу орнынан тұратын тізімге енген Корнелл университетінің профессоры, Қазақстанның тумасы. Оның Ақ үйдегі жоғары қызметке үміткер екенін әлемдік БАҚ жарыса жазды. Нақты айтар болсақ, АҚШ президенті Джо Байден Ақша айналымын бақылаушы басқармасының (Office of the Comptroller of the Currency немесе OCC – авт.) басшысы қызметіне кандидатурасын ұсынбақшы деген ақпарат тарады. Бұл жайлы 22 қыркүйек күні алғаш болып экономика және қаржы саласында жетекші басылым болып есептелетін Wall Street Journal жазды. Аталған қызметке Сенат Сәуле Омарованы бекіткен жағдайда ол 1863 жылы негізін Авраам Линкольн қалаған OCC-тің алғашқы әйел және ақ нәсілдің өкілі саналмайтын алғашқы маман атанады.

ОСС – АҚШ банк жүйесінің негізгі реттеушісі, Қаржы министрлігінің құрамына енетін тәуелсіз құрылым. Құрылымның басты міндеті – жалпы активі 14 трлн АҚШ долларын құрайтын 1200 банктің үстінен бақылау жасау. Бұл АҚШ банк жүйесінің барлық активтерінің үштен екі бөлігі. ОСС – қаржыны қадағалаушы америкалық негізгі және ең ықпалды тетігі.

«Сәуле Омарова Байден мырзаның банк қызметі тиісті деңгейде көрсетілмейтін елдімекендерге банктік қызметтерге қол жеткізуді кеңейту жұмысын қолға алады. Бұл жұмыстың аясында ол жүздеген миллиард долларлық несие беру мен табысы төмен елдімекендерге инвестициялауды реттейтін, қоғамды қайта инвестициялау туралы заңның ережелерін жоспарлы түрде өзгертуге көмектеседі», - деп жазады WSJ басылымы.

Келесі күні Ақ Үй сайтында Қазақстан тумасының кандидатурасы ұсынылғандығы жайлы ресми ақпарат жарияланды. Онда Омарованың академиялық саласы және бұған дейінгі еңбек жолы жайлы мәлімет берілген. Сәуле Омарова Корнелл университеті Бет және Марк Голдберг атындағы Заң мектебінің құқық профессоры. Сонымен қатар, ол Корнелл Джек Кларк атындағы Кәсіпкерлік құқықты зерттеу институтының Қаржылық институттар мен нарықтарды реттеу жөніндегі бағдарламаның директоры.

«Профессор Омарованың ғылыми жұмысы қаржы институттары мен нарықты реттеуге, банктік құқыққа және қаржының саяси экономикасы тақырыптарына арналған. Ол қаржы нарығындағы жүйелік тәуекел мен құрылымдық үрдістерді реттеуге қатысты мәселелер бойынша елдің жетекші академиялық сарапшыларының бірі», - деп жазады Байденнің баспасөз қызметі.

Сайттың мәліметінше, Сәуле Омарова Корнеллге дейін Чапел Хиллдегі Солтүстік Каролина университетінің заң кафедрасының доценті және Джорджтаун университетінің заң орталығында курстар жүргізген.

Профессор Омарова академиялық қызметке келмес бұрын Нью-Йорктегі Financial Institutions Group of Davis, Polk, & Wardwell атты заң фирмасында заңгер болып жұмыс істеген. Бұл қызметте ол қаржылық реттеу саласындағы корпоративтік транзакциялар саласында және кеңесші қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, ол Нью-Йорк адвокаттар алқасының мүшесі.

Америкалық Business Insider іскерлік басылымының жазуынша, Джо Байденнің көмекшілері Сәуле Омарованың кандидатурасын тамыз айынан бері ұсынып келеді. Профессор криптовалютаға қатысты өте қатаң көзқарасымен танымал дейді басылым. Сонымен қатар, профессор Омарова Джордж Буш әкімшілігінде қаржылық жүйені қадағалау саясаты бойынша арнайы кеңесші қызметін атқарған деп жазады Business Insider.

Өз кезегінде New York Times газеті Сәуле Омарованың ғылыми жұмыстары оның жаңа қызметте қандай көзқарас ұстанатыны және қандай саясат жүргізетіні жайында түсінік береді дейді. «Ол өзінің зерттеулерінде криптовалюта операциялары банктерге Федералды резерв жүйесі мен басқа да қадағалаушы органдар назарынан тыс көбірек сауда операцияларын жүргізуге жол ашып беретінін баса айтқан. ОСС басшысы ретінде Омарова ханым аталған процесстердің үстінен (сонымен қатар JPMorgan Chase пен Citigroup үстінен) бақылауды күшейтуге қауқары жетеді», - дейді басылым.

Cәуле Омарова қаржылық технологиялармен айналысатын компанияларға қатысты қатаң позиция ұстанады деп күтілуде. Аталған компаниялар дәстүрлі банктер сияқты қызмет атқарғанымен, шектеулері аз, сонымен қатар капиталға қатысты талаптары қатаң емес. Сонымен қатар, олар банктік ұйымдар болмағандықтан, олардың қызметін қадағалау мүмкін болмайды, валюталық бақылаудың назарынан тыс қалып қоюда.

Ықпалды Сенатор, 2019 жылы АҚШ Президенттігіне кандидат болған Демократиялық партия өкілі Элизабет Уоррен Сәуле Омарованың кандидатурасының ұсынылуын «керемет жаңалық» деп твит жазды.

«Еліміздің ең ірі банктерінің жұмысын бақылауға және реттеуге оның кандидатурасы ең дұрыс таңдау және ол тұтынушылардың (азаматтардың) мүддесін қорғайтынына еш күмәнім жоқ», - деп жазды Уоррен.

2020 жылдың мамыр айында америкалық NBC News телеарнасының подкастына қонаққа келген Сәуле Омарова банк жүйесі туралы біршама ойларымен де бөліскен. «Дағдарыс уақытында экономиканы қалай сақтап қалуға болады?» деген тақырыпқа арналған талқы барысында Омарова өзінің АҚШ-қа келу тарихы жайлы да айтқан болатын.

«Мен Қазақстанның өте кішкентай қалашығында мектепке барғанмын. Сол елдің тумасымын. Бакалавр дәрежесін Мәскеу мемлекеттік университетінде алдым», - деді профессор Омарова.

«АҚШ-та қалай тап болдыңыз?» деген жүргізушінің сұрағына Сәуле Омарова өзінің эмиграциясын кездейсоқ болған жағдай екенін айтады.

«Мен Мәскеу мемлекеттік университетінде студент болып жүрген едім. Горбачев уақытының ең соңғы сәттерінде менің университетім мен Висконсин-Мэдисон университеттері арасында өзара студент алмасу бағдарламасы болған. Мен сол бағдарламаның іріктеуінен өтіп, 1991 жылы Мэдисонге бір семестрге келдім. 1991 жылдың желтоқсаны еді, мен АҚШ-та білім алып жүрген кезде КСРО құлдырады. Қайта оралатын жерім жоқ студент едім, алда мені не күтіп тұрғаны жайлы қатты уайымдадым.  Сосын саясаттану бойынша докторантураға түсуге шешім қабылдап сонда қалдым. Бірақ, шынын айтсам... әлі күнге дейін елімді сонау қиын сәтті тастап кеткеніме өкінемін», - дейді Қазақстан тумасы.

Сәуле Омарова саяси экономика саласында білім алып, докторлық диссертациясын пост-кеңестік Ресей мен пост-кеңестік Қазақстандағы мұнай өндіру саясаты тақырыбына арнаған.