Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайдан сот арқылы өндірген ақшасын Маңғыстауға аударды

Автор: Azattyq Rýhy

Экс-миллиардер сотта тек бір тармақ бойынша жеңілгенін мәлімдеді

Белгілі кәсіпкер, қоғам белсенділері Мұхтар Тайжан мен Марғұлан Сейсембай арасындағы сот ісіне нүкте қойылды. Сот шешімімен Марғұлан желіде оппонентінің жеке басына қатысты мәліметтерді жариялағаны үшін айыппұл төлеп, жария түрде кешірім сұрауға міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өз кезегінде Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайды кешіргені туралы парақшасында жазба қалдырып, экс-миллиардерден өндіріп алған 300 мың теңге моральдық шығынды қуаңшылық зардабын шегіп жатқан Маңғыстау өңіріне көмек ретінде аударды.

«Достар, өкінішке қарай, елімізде қуаңшылық зардабы әлі жалғасуда. Сол үшін мен сот шшімімен Марғұлан Сейсембайдан өндірілген ақшамды ауылда тұрып жатқан халқымызға жәрдем ретінде жіберіп отырмын. Құрмет Талапқазы бауырым, халқымыз үшін атқарып жатқан еңбегіңе Алла разы болсын! Менен бұл көмекті қабылдап ал! Экс-миллиардер, Форбс Қазақстан тізімінің мүшесі, Кайдзен оқытушы, коуч Марғұлан Сейсембаев үш инстанциядағы сот шешімін орындап, екі инстанциядағы соттың шешімін түсіндіру жөніндегі арызы қанағаттандырылмаған соң, сот орындаушысының қысымынан кейін, бүгін өзінің Facebook және Instagram парақшаларында менің отбасылық шаруаларыма араласып, маған жала жапқаны үшін жария түрде кешірім сұрап, таққан айыптарын терістеді. Әрине, мен туған анамды да, туған әпкемді де ешқашан сотқа берген емеспін. Иә, мен бұған дейін жазғанымдай, 2008-2009 жылдары маған қарсы эмоцианалды талап арыздар болды. Бірақ олар нәтижесіз аяқталды. Ол жайлы өзіміз де ұмытып кеттік. Осынша жылдан кейін ешкімнің ешкімге өкпесі жоқ. Бірақ Марғұланға неге біреудің отбасылық шаруасын қайта көтеру керек болды, ол жағы түсініксіз», - деп жазды Мұхтар Тайжан желідегі парақшасында.

Марғұлан Сейсембай қоғам белсендісінен жария түрде кешірім сұрап, бұл істі енді қайта қозғағысы келмейтінін мәлімдеген.

«Сот шешімін орындай отырып, мен Мұхтар Тайжаннан өз жазбамда қателесіп: «Ол өз шешесі мен туған апасын сотатты» деген сөздерім үшін жария түрде кешірім сұраймын. Өзімнің «өз шешесі мен туған апасын өзі сотатты» деген сөздерімді терістеймін. Мен тек бір тармақ бойынша жеңілдім, ол жерде «засудил свою родную мать и сестру» деген сөздердің жала екендігі айтылған. Сотта ол өз анасымен екі рет соттасқаны анықталды. Бірінші рет анасының «Өзінің күтіміне ай сайын 50 АЕК көлімінде алимент өндіріп алу бойынша» талабына қатысты, екіншісі жылжымайтын мүлікке қатысты дау. Менің «засудил» родную мать и сестру» деген сөзім Тайжанның ар-намысына тиіп, нұқсан келтіріпті. Оның ойынша, ол анасын «сотқа бермеген» («засудил»), қайта анасы оған қарсы сотқа арызданған. Ал ол өз анасымен соттасқаны үшін еш шімірікпейді. Мен әрине бұл жайтты көтергенім үшін қынжыламын. Егер ол қатардағы қарапайым адам болса, бұл мәселені ешқашан көтермес едім. Алайда ол халық алдында саясаткер, әрі адамгершілі мол адам ретінде көрінуге үміт етіп жүр, сондықтан мұны айтпай кету дұрыс емес болар еді. Ал енді сот шешімін орындай отырып, мен өз постымда «он засудил» свою мать и родную сестру» деп қате жазғаным үшін көпшілік алдында Мұхтар Тайжаннан кешірім сұраймын. Анасы мен туған бауырын сотқа берді («засудил свою родную мать и сестру») деген сөзімді теріске шығарамын. «Мұхтар Тайжан анасымен екі рет соттасып, сотта оны екі рет жеңді» («Мухтар Тайжан дважды судился со своей матерью и дважды выиграл ее в суде») деп жазғаным дұрыс болады екен. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс десеңіздер де, өз еріктеріңіз. Менің жеке пікіріме келетін болсақ, анаңыздікі қанша жерден дұрыс болмаса да, істі сотқа дейін жеткізуге болмайды. Өйткені, «Жұмақ ананың табанының астында». Осымен, өзім үшін бұл істі жабық деп есептеймін. Бұдан әрі Тайжан туралы ештеңе айтқым келмейді. Менің одан басқа пайдалы істерім көп!», - деп жазды ол желіде.