БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек миссиясы неге Алматыда орналасқан?

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыдағы ғимаратта БҰҰ-ның 18 агенттігінің өкілдері орналасқан

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы неге Алматыда орналасқанын түсіндірді.

«Бірнеше фактор себеп болды: оңтүстік астанамыз қаржы және іскерлік белсенділіктің ірі аймақтық орталығы саналады; инфрақұрылымы дамыған; әлемнің басқа елдерімен әуе қатынасы қолайлы. Сондай-ақ еліміздің өңірлік және ғаламдық қауіпсіздік бойынша абыройы зор рөл атқарды. Алматыны көпжақты әріптестіктің аймақтық орталығы деп атауға болады», - деді вице-министр ОКҚ-да өткен брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, Алматыдағы халықаралық ұйымдар ғимаратында БҰҰ-ның 18 агенттігінің өкілдері орналасқан.

Еске салайық, Ауғанстандағы саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты БҰҰ өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.