Парламент депутаттары демалысқа кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар қызметтеріне қыркүйек айында қайта оралады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында VII шақырылымның бірінші сессиясының аяқталғаны туралы хабарланды. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин депутаттық каникул басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Палаталардың бірлескен отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламентке өткен барлық партиялардың депутаттары пандемияға қарамастан белсенді жұмыс істеп, «заң шығару жұмыстарымен ғана айналысып қоймай, халықпен кері байланысты қамтамасыз еткенін» ерекше атап өтті. Мәжіліс спикерінің мәліметінше, осы сессияда екі палата 24 заң жобасын қарады, олардың 15-і қаралып, қабылданды.

Айта кетейік, маусым айының соңында дәстүр бойынша Парламент қабырғасында кезекті сессияның қорытындысы шығарылады. Сессия аяқталғаннан кейін депутаттар қыркүйекке дейін демалысқа шығады.