Неміс басылымында Путиннің мақаласы жарық көрді: ол тағы Еуропаны айыптады

Автор: Azattyq Rýhy

Ресей президентінің айтуынша, Ресей мен Еуропа қарым-қатынасын қайтадан қалыпқа келтіру керек

ТАСС

1941 жылдың 22 маусымында басталған Германияның оккупациясына 80 жыл толуына орай Ресей президенті Владимир Путинның Die Zeit атты неміс басылымында мақаласы жарық көрді. Соңғы уақытта Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын жиі қозғайтын Путин бұл жолы соғыс тақырыбымен қатар қазіргі таңдағы Ресей мен Батыстың арақатынасын сөз етіп, өз бағасын берді. Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасы Кремльдің ресми сайтында жарық көрді.

Мақаланың басында Ресей лидері Қызыл әскердің нацизмге қарсы ерлігін атап өтіп, «ортақ жеңісті жақындатқан антигитлерлік коалициядағы одақтастарды, неміс антифашистерін және қол ұшын созған қатысушыларға» алғысын білдірді.

Алайда, өз мәтінін тарихи экскурстан бастаған Путин мақаласының негізгі бөлігін Ресей мен Еуропаның арақатынасын дамыту қажеттілігі жайлы жазды.

«Қырғи қабақ соғыстың аяқталуы Еуропа үшін ортақ жеңіс болады деп үміттендік. Шарль де Голль аңсаған географиялық жағынан ғана емес, мәдени және өркениет тұрғысынан Лиссабоннан Владивостокқа дейін созылған ортақ континент құру арманына қол жеткізуге сәл қалып еді. Ортақ құндылықтары мен мүддесі бар Үлкен Еуропаны қалыптастыру негізінде Ресей еуропалықтармен өз қарым-қатынасын дамытқысы келді», - деді Путин.

Алайда, батысқа қарсы риторикасын жиі қолданатын Путин аталған мақалада да өз әдетінен айнымады. Украинадағы болған жағдайды да Ресей президенті назардан тыс қалдырған жоқ. Оның айтуынша, НАТО әскери альянсы ұлғайып бастаған кезде бірқатар мемлекетке «қолдан жасалған» таңдау берілді: ол Батыспен немесе Ресеймен болу. Путинның айтуынша, сондай қадамның бір нәтижесі – 2014 жылы басталған Украинадағы дағдарыс.

«Еуропа Украинадағы конституцияға қарсы бағытталған қарулы төңкерісті белсенді түрде қолдады. Барлығы содан басталды. Ондай қадамға не үшін барды?», - деді Путин.

Оның айтуынша, Украинаның ішінде іріткі тууына және Қырымның ел құрамынан шығуына «АҚШ ұйымдастырған төңкеріс және оны қолдаған Еуропа елдері себепші».

Мақалада ол еуропалық қауіпсіздік жүйесі құлдырауда және қазір Еуропа жаппай қарулану мәселесімен әлек деген пікірді де білдірді. Сөз соңында «Ресей Еуропамен жан-жақты әріптестікті қайтадан бастауға дайын. Әлем қарқынды дамуда, жаңа қауіптер мен тәуекелдерді бастан кешіруде. Біз бұрынғы реніштерді, шиеленісті, қателікті қайталамауымыз керек. Қайталайтын болсақ олар алдымызда тұрған өткір мәселелерді шешуге бөгет жасайды. Бәріміз қателікті мойындап және оларды жөндеуге тырысуымыз керек», - деп аяқтады Ресей президенті.

Еске салайық, Владимир Путин тарих мәселесін жиі көтеріп, осы уақытқа дейін шетелдік басылымдарда соғыс тақырыбына арнап төрт мақала жариялап үлгерді. Алайда, олардың бәрінде АҚШ және оның одақтастары – Еуропа елдеріне қарсы риторика қолданылып, медиа және сарапшылар тарапынан сынға ұшырады.