«Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы бекітілді – Байбек

Автор: Azattyq Rýhy

Таяу күндері «Nur Otan» партиясы филиалдарының бюролары 216 өңірлік жол картасын бекітеді

Елімізде волонтерлерге арналған «Жастар-Отанға!» республикалық сыйлығы тағайындалды. Аталған сыйлық жыл сайын ең белсенді еріктілер, меценаттар мен қоғамдық ұйымдарға берілетін болады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек волонтерлермен өткізген онлайн-кездесуден соң жариялаған Facebook-тегі жазбасында айтты.

Қазіргі кезде волонтерлік трендтік құбылыс ретінде қоғам өміріне нық еніп отырғанын айтқан Бауыржан Байбек мұқтаждарға өтеусіз көмек көрсету үшін бірігуге ұмтылатын жанашыр азаматтардың қатары артқанын алға тартты.

«Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялай отырып, волонтерлікті жан-жақты дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды: «Бүкіл әлемде жастар – еріктілік пен қайырымның қуатты ресурсы, ал волонтерлік – жастардың еңбек нарығына жылдам бейімделуі мен олардың өз қабілеттерін әрі қарай іске асыруына ықпал ететін тиімді тетік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауы волонтерліктің ұлттық ауқымда дамуына жүйелі серпін берді. Мемлекет басшысы «Birgemiz» республикалық волонтерлар фронт-офисін тікелей өзі келіп ашып, Қазақстандағы волонтерлар қозғалысының құрметті елшісі болды.

Тиісті ынталандыру тетіктерін құру, заңнамалық базаны жетілдіру, волонтер студенттердің стипендияларын 30%-ке көтеру белсенді жастардың жер-жерде әр түрлі волонтерлік ұйымдарға бірігуіне жол ашты. Ел Президенті айтқандай, «жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болмақ. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашады», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. 

Оның айтуынша, ел басшылығының бастамасын «Jas Otan» алғашқылардың бірі болып қолдаған. Партияның жастар қанаты Арыс пен Мақтааралдағы апаттардың салдарларын жоюға белсене атсалысты.

«Өткен жылғы пандемияның бірінші толқыны кезінде 5 мың жасотандық Елбасы бастамашылық еткен «Біз Біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетті. Бүкіл өңірлер бойынша 320 мың отбасы азық-түлік себеттері мен гигиеналық құралдар жиынтығын алды. Биылғы сәуір айында жасотандықтар 3 мың медицина қызметкеріне «Алғыс пакеттерін» таратуды ұйымдастырды. Сонымен қатар, Риддер қаласында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге алғашқылардың бірі болып 80-нен астам волонтер тікелей қатысты», - деді ол. 

Кездесуде ел көлемінде 15 мың волонтерді біріктіріп отырған «Biz Birgemiz!» қозғалысының қатысушылары өздерінің биылға арналған жобаларымен таныстырып, өңірлерде волонтерлік желіні кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еріктілер «30 игі іс» республикалық акциясына бастамашы болды. 

Сондай-ақ, осы жиын барысында «Жастар-Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы Жол картасы бекітілгені белгілі болды. 

«Волонтерлікті дамыту – 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасының да басты басымдықтарының бірі. Осыдан 3 күн бұрын партияның Саяси кеңесі Бюросының шешімімен аталған бағдарламаны іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді. Таяу күндері «Nur Otan» партиясы филиалдарының бюролары 216 өңірлік жол картасын бекітеді. Осылайша, партия мен «Jas Otan» жастарға қатысты берілген сайлауалды уәделерді сапалы орындауға ден қойса, ал Мәжіліс пен мәслихат мүшелерінен құралған Жас депутаттар корпусы бағдарламалардың іске асырылу барысын жіті қадағаламақ. Атап айтқанда, алдағы 5 жыл ішінде 35 жасқа дейінгі 4,5 миллионнан астам жас қазақстандықты қамтитын 6,5 мың іс-шараны жүзеге асырып, 3,5 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу жоспарланды. Бұл ретте, сапалы білім, жұмысқа орналастыру, қолжетімді баспана, азаматтық белсенділікті арттыру, тұлғалық даму мен бос уақыт мәселелері басты назарда. Басымдық берілген көрсеткіштер қатарында 2025 жылға қарай волонтерлікке 100 мыңнан астам адамды тарту міндеті тағы бар», - деді Бауыржан Байбек.

«Jas Otan» мен «Biz Birgemiz!» қозғалысының алдында елімізде қызмет етіп жатқан барша волонтерлік ұйымдармен өзара серіктестік іс-қимылды дамыту бойынша маңызды міндеттер тұрғаны айтылды. 

Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары «Nur Otan»-ның еріктілерге алдағы уақытта да қолдау көрсететінін айта келе, оларға жыл сайын берілетін арнайы сыйлықтың тағайындалатынын жеткізді. 

«Мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде «Nur Otan» жастардың бастамаларын қуаттай отырып, волонтерларға әрі қарай да қолдау көрсете береді. Бұл үшін біз жыл сайын берілетін «Жастар-Отанға!» республикалық сыйлығын тағайындаймыз. Жыл соңында ең белсенді еріктілер, меценаттар мен қоғамдық ұйымдар 5 номинация бойынша марапатталатын болады», - деді ол.