Ресей сыртқы істер министрі Никонов пен Федоровтың Қазақстан жайлы мәлімдемелеріне қатысты пікірін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін бірқатар ресейлік депутат «Ресей Қазақстанға жер сыйға тартқан» деп мәлімдеме жасады

Сергей Лавров, фото: kzkazan.ru

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Хабар» агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты үнемі теріс пікір айтушылар тек өздеріне назар аудартқысы келетінін, анығында Қазақстанмен қарым-қатынасты айқындайтын көшбасшы тұлғалар мұндайға жол бермейтінін жеткізді.

«Саясаткерлер әртүрлі. Сенсациялық мәлімдемеге құмары бар. Қоғамда пікір туғызатын жайттарды көтеріп, елдің аузында жүргісі келеді, «бастысы, газеттің алғашқы бетіне шықсақ болды» дегендей. Бірақ Ресей Федерациясының Қазақстанға деген көзқарасын айқындайтын нағыз көшбасшылар мұндай қадамға бармайды. Ешқашан олай жасамайды да. Өйткені, ол одақтастығымызға, арада жасалған келісімдерге сай келмейді. Біз бір-біріміздің тәуелсіздігіміз, аумақтық тұтастықтығымыз, саяси көзқарастарымызды сыйлауымыз керек. Қарым-қатынасты Мемлекет басшылары қол қойған құжаттар, Парламенттер бекіткен заңдар, халықаралық құқық нормалар негізінде жалғастырамыз. Осындай арандатушылық бағыттағы мәлімдемелер демократияның бір құндылықтарына айналып кетті. Олар тек белгілі бір ортада талқыланып қалуы қажет. Нақты саясатқа келгенде арандатушылық болмайды деп сендіремін», - деп жауап берді.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Фёдоров Қазақстан жерінің тұтастығына қатысты түрлі мәлімдемелер жасап, «Ресей Қазақстанға жер сыйға тартқан» деген сыңайда пікірлер айтты.