Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Президентке 4 айдағы ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары туралы баяндалды

Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына биылғы 4 ай ішіндегі ақша-кредит саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары, коронавирус пандемиясының үшінші толқыны кезіндегі әлемдік экономиканың даму перспективалары, сондай-ақ, әлемдегі инфляцияның өсуі мен басқа да инфляциялық мәселелер туралы есеп берілді.  

Президентке осы жылдың сәуір айында Қазақстандағы жылдық инфляция мен оның сұранысты қалпына келтіруге қатысты азық-түлікке жатпайтын бөлігіндегі үдеу қарқыны жайында баяндалды.

«Сонымен қатар Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы төлем балансына берілген алдын ала баға туралы және биылғы 4 айдағы алтын валюта қорының ұлғаюы мен Ұлттық қордың активтерін басқару жөнінде айтты», - делінген Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек кездесуде Мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономиканы несиелендіру және депозиттер көлемінің өсімі жайлы мәлімет берілді, сондай-ақ, азаматтарды зейнетақы жинақтарының жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан қосымша шаралар сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.