Бұған дейін Жанболат Мамай Бауыржан Байбекті айыптап бірнеше видео жариялаған болатын
Бауыржан Байбектің мүддесін қорғайтын заңгер Айжан Ташенова Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбайдың үстінен Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотына азаматтық тәртіппен ар-намысты, абырой мен іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз берді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында мәлім етті.
Заңгердің айтуынша, аталған талап арызды беруге Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның биыл 13 сәуірде «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырған бірқатар бейнематериалдары негіз болып отыр.
«Жарияланған материалдарда жауапкерлер «журналистік зерттеуді» себеп етіп, Б.Байбекті сыбайлас жемқорлықпен және қызмет бабын асыра пайдаланды деп жария түрде, үзілді-кесілді және дәлелсіз айыптайды. Аталған материалдарға жасалған талдау бейнероликтерде жалғыз ақпарат көзі – анонимдік «Uzyn Qulaq» телеграм-арнасының ақпаратын ғана негізге алған. Бұл арна – өсек-аяңды, долбарды, тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратумен айналысатыны мәлім.Талапкер (Б. Байбек) атына қарата айтылған айыптаулардың бұдан бөлек шынайы дәлелдемелік базасы мен расталған дерегі Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның бейнематериалдарында да, тіркелмеген ҚДП сайтында да ұсынылмаған. Сондықтан азаматтық заңнама аясында біз бейнематериалдар авторлары айыптауларының негізсіздігі мен мағынасыздығын дәлелдеуге ниеттеніп отырмыз», - деді ол.
Биыл 19 сәуірде Бауыржан Байбек қажетті ресми құжаттар мен басқа да материалдарды көрсете отырып, барлық айыптауларды жария түрде жоққа шығарған болатын. Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздерінің жалған екенін айтқан Б.Байбек өзінің ар-намысын, абыройы мен беделін сот арқылы қорғау құқығын пайдалану жөнінде шешім қабылдаған. Заңгердің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Байбек жауапкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалаудан бас тартып, істі азаматтық қараумен шектелуді жөн көрген. Сондай-ақ, келтірілген моральдық залалға материалдық өтемақы өндіріп алудан да бас тартқан.
«Жауапкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбаева жария түрде Б.Байбекті жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа барды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жүрген кезеңде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптауында сүйенген айғақтары мен құжаттарын ұсынуы тиіс. Яғни, айыптаған тарап мұны нақты фактілермен дәлелдеуі қажет. Сонымен қатар Бауыржан Байбек жауапкерлердің өтірік айыптауларын теріске шығаратын барлық қажетті құжаттар мен фактілерді сотқа ұсыну бойынша өз құқығын пайдаланады. Бұл – әкімдіктің 20-дан астам қаулысы, сонымен қатар басқа да құжаттармен расталған мәліметтер. Б.Байбектің беделіне нұқсан келтіретін роликтер негізінде талапкер «Алматы қаласының әкімі лауазымында болған 4 жыл ішінде жеке бизнес-империясын құра отырып, заңсыз 1 миллиард АҚШ долларын тапты. Қазақфильмнің, Атакенттің және Іле-Алатау ұлттық паркінің жерлерін құрылыс салуға және тұрақ жасауға жеке тұлғаларға берді. Автобустар сатып алуда пара алды. Көмір мафиясын «қанатының астына алып», Алматыдағы ТЭЦ-2-ні газға көшіруге тосқауыл қойды» деп жалған айыптауға барған. Яғни маған сенім білдірген тұлғаның ең алдымен Алматы әкімі лауазымында шаруашылық-бөлу функцияларын орындаған кездегі қызметі қозғалады. Енді мұның барлығын жауапкерлер бос мәлімдемелермен емес, нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс. Сондықтан да біздің талап арызымызға, ең алдымен, Ж.Мамай мен оның жұбайының талапкердің оңтүстік мегаполистің басшысы ретіндегі жұмыс кезеңіне қатысты айыптауларын теріске шығару талабы қойылды. Сондай-ақ талап арызға тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама қоса берілді. Ол Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздері – Б.Байбектің қызметі туралы жария түрде айтылған жағымсыз ақпарат екендігін, олар шындыққа жанаспаған жағдайда, талапкердің ар-намысына, абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін айыптаулар қатарына жататынын растайды», - делінген заңгердің жазбасында.
Айжан Ташенованың айтуынша, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талап арызды сот қанағаттандырған жағдайда, аталған азаматтар Б.Байбектің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін материалдарды жоюы, сондай-ақ тиісті әлеуметтік желілерде және YouTube-арнада барлық негізсіз, шындыққа жанаспайтын айыптауларын жоққа шығаруы тиіс.