Елбасы Тоқаевтың пандемия тұсында қабылдаған шешімдеріне қатысты пікір білдірді
Бүгін Елбасы мен Мемлекет басшысының қатысуымен ҚХА XXIX сессиясы өтіп жатыр

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пандемия кезіндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген саясатына қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан жаңа жауапты кезеңге аяқ басып отыр. Ол пандемия, жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстарының күшеюі, алдыңғы қатарлы әлемдік ойыншылар арасындағы геосаяси бәсекелестіктің ушығуы кезеңімен сәйкес келді. Осы және басқа да жағдайлар Қазақстанның дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл жағдайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты, сындарлы саясат жүргізуді жалғастырып келе жатқанына сенімдімін. Сондықтан біз осы қадамдарды қолдауымыз керек. Бұл саясат барша қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымыздың ары қарай дамуы мақсаттарына қызмет етіп жатыр», - деді Елбасы.
Еске сала кетейік, сессия отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасы лауазымынан бас тартып, төрағалықты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді.