Мемлекет басшысы облыстардағы азаматтардың арыз-шағымдарын әділ әрі тиімді қарастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Бердікбек Сапарбаевтың есебін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі akorda.kz-ке сілтеме жасап.
Онда Үкіметтің еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыруға мұқтаж тұрғындардың жағдайына қатысты атқарып жатқан жұмысы туралы айтылды. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек, ең алдымен, аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі.
Мемлекет басшысы облыстардағы азаматтардың арыз-шағымдарын әділ әрі тиімді қарастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Осыған байланысты барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігі айтарлықтай артатын болады.
Кездесу барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін сапалы жүзеге асыру мәселесі де қарастырылды. Үкіметке нақты тапсырмалар берілді.
«Сонымен қатар бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бірқатар мемлекеттік кәсіпорнына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы туралы баяндады» , - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы аудит қорытындысы бойынша жинақталған материалдарды өкілетті органдарға жолдауды, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды.