Саясаттанушы Андрей Чеботарев Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігі жетекшісі, Сыртқы істер министрі лауазымдары тікелей Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен байланысты, сондықтан бұл тағайындауларға Елбасы Н.Назарбаевтың ықпалы болғанын айтады
Жаңа Президенттің жүз күндік есеп беруіне бір күн қалғанда, әдеттегідей екі кештің арасында сол жағалауда ауыс-түйіс басталып кетті. Үш ай бұрын ғана Мемлекеттік иделогияның тұтқасын ұстаған Қырымбек Көшербавтың Мемлекетік хатшы болуы оның салмағын мысқалдай да кемітпейді, дейді сарапшы. Керісінше, Көшербаев сияқты ауыр салмақтағы ойыншылар мұндай лауазымды қызметтің маңызын арттырады.
«Саяси элита өзара келісімге келіп, Қырымбек Көшербаевты орталық құрылымда алып қалып отыр. Мемлекеттік хатшылық та шешуші рөлдердің бірі. Егер онда саяси салмағы бар адам отырса, қызметтің өзінде де салмақ пайда болады. Көшербаев – саяси аренада өзіндік орны бар тұлға», - дейді А. Чеботарев.
Марат Тәжиннің әркез ұлттық мәселелердің басы-қасында жүретіні белгілі. Енді оның Президент әкімшілігінен кетуі соңғы жылдары қоғамда ықпалы артқан ұлттық патриоттардың шегініс жасауына әкеле ме деген сауалдың туындауы заңдылық. Сарапшы бір жылдары қыруар қаржы бөлініп, үлкен қолдауға ие болған «Рухани жаңғыру» бағдарламысының қарқыны бәсеңдеп қалғанын алға тартады. Енді Тәжиннің тағдыры секілді, бұл бағдарламаның да болашағы бұлыңғыр.
«Марат Тәжиннің әзірге қайда баратыны белгісіз. Биыл біз «Рухани Жаңғыру» идеясы туралы жаңалықтарды көп естігеніміз жоқ. Яғни бұл бағдарламаның өзі қайта қаралуы мүмкін».
Ал Қарағанды облысының экс-әкімі Ерлан Қошановтың Президент Әкімшілігіне келуі нені білдіреді? Саясаткер су жаңа бас идеологты технократ деп сипаттайды. Демек, оның қарым-қабілеті нақты істерді ұйымдастыруға қажет болса керек.
«Қошанов – технократ. Премьер-министр кеңсесінің бастығы, әкім қызметтерін атқарды. Көшербаев Ақордада көбіне саяси мәселелермен айналысты», - дейді, А. Чеботарев.
Тағы бір назар аударатын мәселе Сыртқы істер министрлігіне Мұхтар Тілеубердінің тағайындалуы. Ол 1993 жылдан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанында жұмыс істеген тәжірибелі дипломат. Яғни, сенімді серігі. «Бұл Қазақстандағы саяси ауыс-түйіске Тоқаевтың ықпалы да әсер еткенін аңғартады», - дейді саясаттанушы.
Абай СЕЙФУЛЛА