Біз Украина халқына зор құрметпен қараймыз – Тоқаев Германияда мәлімдеме жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Германияға жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Тоқаев Украинаның шығысында шиелініскен жағдайды Норманд форматында реттеу керегін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан осы проблемаға байланысты бітімгер ретінде алаң ұсынуға әзір екенін де жеткізді.

«Тұңғыш Президентіміз Қазақстан арағайын болуға әзір екенін айтып, ізгі ниетін білдірді.  Бірақ, біз Украина мәселесі бірінші кезекте Норманд форматында шешілуі тиіс деп есептейміз. 9 желтоқсанда Парижде норманд төрттігінің отырысы өтеді. Біз оған сәттілік тілейміз. Өйткені, Украина мен Қазақстанды бұрыннан келе жатқан достық пен әріптестік қарым-қатынас байланыстырады. Біз Украина халқына зор құрметпен қараймыз. Ол ел бейбіт, бақуатты өмір сүруге лайық деп санаймыз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ангела Меркельмен бірге өткізген брифингі кезінде.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Deutsche Welle» журналисі Жанна Немцоваға сұхбат кезінде Украина туралы пікір білдірді.

«Біріншіден, біз Қырыммен болған жағдайды аннексия деп есептемейміз. Өткен нәрсе өтті. Екіншіден, Қырымның бөлінісінен кейін ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі, біздің Ресей Федерациясымен достығымыз сенімге, татулыққа құрылған. Біз әу баста Ресей басшылығының даналығына сендік. Сондықтан аталып отырған елдегідей жағдай бізде орын алады деп еш қауіптенбейміз», - деді ол.