Ертең Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді
31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады.
«Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланып отыр», - деп хабарлады Берік Уәли.