«6 айдан бері аш отырмыз»: Алматы облысында жүк тасымалдаушылар «шекарадағы былықтан» жұмыссыз қалғанын айтты
Олар наразылық шарасын өткізіп, Nur Otan партиясынан көмек сұрады
Қазақстан мен Қытай арасында жүк көлігімен тауар тасып, кәсіп етіп жүрген Алматы облысының тұрғындары бас көтерді. Олар «Қорғас» пен «Нұрлы жол» бекеттерінен өту мүмкін емес дейді. Өйткені, екі ел арасындағы тауар тасымалына бір ғана компания – «Евротранзит» ЖШС жауапты көрінеді. Ал, ол тек ондаған жүк көлігіне ғана кедергісіз жүруге рұқсат берген. Салдарынан Қытайдан келіп жатқан тауарлар күрт қымбаттаған дейді наразылық білдірген кәсіпкерлер.
Тек Алматы облысы Панфилов ауданының өзінде үш мыңнан астам тасымалдаушы алты айдан бері шекараның арғы бетіне өте алмай отыр. Жүргізушілердің сөзінше, билік таңдап алған компанияның көліктері ғана Қытай-Қазақстан арасында кедергісіз жүріп жатыр. Қамқорға ие компания болса елге әкелетін тауардың тасымал құнын қолдан қымбаттатып отырған көрінеді. Өйткені, тасушы көліктер саны шектеулі болғандықтан кәсіпкерлер олардың сұраған бағасын беруге мәжбүр. Қытай қоймаларына кедергісіз өтіп жүрген жүк көліктерінің қожайындары бір айналым үшін 12-18 мың доллар аралығында ақша алады екен.
«Шекарада тауар тасып жүргенімізге отыз жыл болды. Былтыр қыркүйектен бастап Мемлекеттік кірістер комитеті электронды кезек дегенді шығарды. Бұл да жақсы екен деп көнсек, «Евротранзиттің» 52 көлігі ғана шекарадан кезексіз өтіп жүр. Мына жүргізуішлердің электронды кезекте тұрғанына 6 айдан асты. Мен 2020 жылдың 13 қыркүйегінде 700 адамнан кейін кезекке тұрғам, әлі жылжымады. Сонда Қытайдан тауар тасу үшін қанша жыл күтуіміз керек? Ашпыз, жұмыс жоқ, ақша жоқ, бала-шағамыздың оқуының ақшасын, коммуналдық төлем ақысын төлей алмай жатырмыз. Заң бәріне ортақ, бірақ мына «Евротранзитке» заң жоқ, өйткені оны биліктегілер қорғап отыр. Электронды кезек ашық емес. Дүние жүзінде шекарада тірі кезек. Бізде осындай. Мыналар падемияны сылтауратып бізді таратты да, өздерінің адамдарын тайраңдатып қойды», - дейді Панфилов ауданының тұрғыны Дилшат Махфуров.
«Қытай қоймасынан 300 теңгеден алған қызанақ Алматыда 3000 теңгеден сатылады»
МКК тапсырысымен жасалған электронды кезек бағдарламасы тек ауыр жүк машиналарын ғана емес, кезекті созу, адамдар санын артық көрсетеу үшін жеңіл көлік, тракторларды да тіркей береді дейді ашынған адамдар. Бұрын әрбір ауыр жүк көлігінің жүргізушісі айына кем дегенде 2 рет Қытай қоймаларынан тауар тиеп шықса, соңғы жарты жылда кеденнен бір рет өту мұң болған. Тауар таси алмай тарыққан жұрттың сөзінше, Қытайдан «Нұрлы жол» кеден бекетіне, яғни 2-3 шақырым жердегі қоймаға тауарды тасуға «Евротранзит» 5-6 миллион теңге ақы алатын көрінеді. Бұл Қытайдың арзан тауарының біздің елде бірнеше есе қымбат сатылуына себеп.
«Бұрын жеміс-жидек тасып жүргенде ай сайын 2-3 рет Қытайға кіріп шығатынмын. Қытай қоймасынан әрбір жүк көлігі тауарды 7-8 мың доллардан жеткізіп беріңдер деген хабарламалар кәсіпкерлерден тоқтаусыз келіп жатыр. Біз оны үш мың долларға жеткізіп бере аламыз. Мысалы, қызанақтың келісін 300 теңгеден алғанмен, ол Алматыда 3000 теңгеден сатылып жатыр. Неге, өйткені мыналар бағаны қолдан қымбаттып отыр. Мына тұрған жігіттердің бәрі 350 шақырым жердегі Алматыға тауарды «Евротранзит» көліктерінен екі есе төмен бағамен апарып бере алады. Бірақ оған мүмкіндік жоқ, монополистер көлік тапшылығын қолдан жасау арқылы арзан тауарды елге қымбат бағамен жеткізгендіктен, тұтынушыларға да ауыр тиіп отыр. Біз вице-премьер Әлихан Смайыловқа, МКК басшысы Марат Сұлтанғазиевке, облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа ренжуліміз. Олар осы «Евротранзитті» қолдап, солардың пайдасына заң, қаулы шығарып берген. Қазір кезекте 7 мың адам тұр, күніне халықтың ішінен екі КаМАЗ-дың кеденге кіріп жатқанын есептесек, біз 5 жылдан кейін ғана тауар тией алады екенбіз. Бұлар білгенін істеп жатыр», - деді кәсіпкер Бақытжан Мұхамеджанов.
Кезекте 6 мың көлік тұр
«Нұрлы Жол» кеден бекетінің басшылары тауар тасуда ешкімге ерекше жеңілдік жасалмағанын айтқанмен, олардың сөзін аудан әкімдігі жоққа шығарды. Полиция кеден жаққа көліктерді тек берілген тізім бойынша ғана өткізетінін айтып, халықты тағы да кері қайтарды. Халқы былтырдан бері жұмыссыз қалса да қамсыз отырған аудан әкімдері кеден бекетін мемлекет емес, әлгі монополист компания салғандықтан, жеңілікке ие деп отыр.
«Евротранзит компаниясы кеденнің ішінде жұмыс істеп жатыр, кезінде аздап инвестиция құйған. Қытайдан тауарды солар тасиды. Олардың белгілі бір жеңілдігі бар. Ал, электронды кезек қазір аздап жылжи бастады. Кезекте 6 мыңдай көлік тұр. «Евротранзит» көбірек жұмыс істеп жатыр. Кеденді солар салған ғой», - деді Алматы облысы Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұрмолдаев.
«Үкіметтің таңдауымен бір оператор осы «Евротранзит» компаниясы таңдалды. Олар өз жұмысын істеп жатыр. Мейлінше халыққа ыңғайлы болу үшін 50/50 қылдық. Бізге 500 машина кіргіз десе дайынбыз. Біз тек бұйрықты ғана орындаушымыз. Қазақстандағы электронды кезектен қанша көлікті өткізу екенін де Қытай шешеді. Падемия кезінде тауар айналымын көбейту үшін Үкіметтің уақытша №425 бұйрығы енгізілді. Ешкім қол қусырып қарап отырған жоқ. Қытайдағы бағдаршамның жасыл түсі жанса біз қанша машина кіргізуге де дайынбыз», - деді «Нұрлы жол» кеден бекеті бастығының орынбасары Тұрсынәлі Ермеков.
Жүргізушілер Евротранзиттің техникалары тәулік бойы тауар тасымай, халықпен бірге жалпыға ортақ кезекке тұрып, кеденнен сыртқа шығуын талап етті. Бұл шарт орындалмаса, жылжымайтын жасанды бағдарламаның қажеті жоқ деп санайды олар. Рұқсат бойынша әр жүк көлігіндегі тауар 105 текше метрден аспау керек, пайдаға кенелуді көздегендер оны екі есеге дейін арттырады екен. Шекараға бағыт алған көліктерді өткізбеу үшін күшейтілген полиция күзеті қойылған. Амалы таусылған ел соңғы үмітіміз халық сайлаған «Nur Otan» партиясында дейді.
«Елбасына, «Nur Otan» партиясына осындай шарасыздықтан өтініш жасап тұрмыз. Өзіміз партияға сеніп дауыс бердік. Мыңдаған отбасы жұмыссыз қалды. Үкіметтегі басшылардың хаттамасы электронды кезек жүйесіне қарама-қайшы. Хаттаманың негізінде «Евротранзиттің» көліктері кеденнен кезексіз өте береді, ал халық алты айлап кезек күтеді. «Қорғас» пен «Нұрлы жолда» осындай әділетсіздік болып жатыр. Халық партиядан үміт күтеді, көмек сұрайды», - деді Қуаныш Аманбаев есімді тұрғын.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы