Тұңғыш Президент күні қарсаңында 10 азаматқа салтанатты билетті партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзі табыстады
«Nur Otan» партиясының қатары тағы толықты. Тұңғыш Президент күні қарсаңында 10 азаматқа салтанатты билетті партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзі табыстады. Саяси ұйыммен бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдіргендердің қатарында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен Арыстағы жойқын жарылыстан 80 баланың аман алып қалған Асқар Әбдіхалық та бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана»арнасына сілтеме жасап.
19 жастағы Асқар Әбдіхалық Арыста әскери қойма өртке оранғанда ерлік танытып, көзге түскен. Шағын автобус жүргізушісі болып қызмет еткен ол бүтін қаланы от шарпығанда бірден балабақшаға қарай беттеген. Ондағы 80 бүлдіршінді көлігіне отырғызып, қала сыртына шығарыпты. Асқарды мұндай ерлігі үшін Президенттің өзі марапаттап еді. Ал бүгін жас жігітті партия құрамына қабылдады.
«Абай Құнанбаев атамыз «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Сондықтан Қазақстанға аз да болса өз пайдамды тигізсем, көмектессем деген ниетпен осы партия құрамына кірдім», – дейді Арыс қаласының тұрғыны, «Nur Otan» партиясының мүшесі Асқар ӘБДІХАЛЫҚ.
«Әр әзілдің астында бір шындық бар. Бірақ менің шындығым биліктің құлағына жетпей қалып жатады» деген Тұрсынбек Қабатов та партияға мүше болуға бел буған. Ол енді халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайтынына сенімді.
«Қазіргі таңда елді кім жаманадаса, сол батыр болып есептеліп жатыр. Фейсбукте де, басқа әлеуметтік желілерде де солай болып кетті. Мен олардың қатарында болғым келмейді. Тәуелсіз еліміздің партиясында жүріп, ел үшін қызмет атқарған мен үшін үлкен бақыт», – деді әзілкеш, «Nur Otan» партиясының мүшесі Тұрсынбек ҚАБАТОВ.
Тұңғыш Президент күніне орай жаңадан қабылданған нұротандықтардың қатарында ұстаз, дәрігер, спортшы, кәсіпкер, қоғам белсендісі мен БАҚ саласының өкілдері де бар. Саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елдің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтарға ендігі артылған жауапкершіліктерін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Бәріңізді келе жатқан ұлы мерекеміз – ҚР Тұңғыш президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы бір сөзінде «Осы аз уақыттың, ширек ғасырдың ішінде 100 жылға татитын істер жасап тастадық» деп жақсы айтып кетт. Расымен де солай. Сіздер бүгін жеке шешім қабылдап, партияға қатарына кіретін болсаңыздар, бұдан былай тікелей Елбасының әріптестері саналасыздар», – деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК.
Бүгінде «Nur Otan» партиясына 90 000 адам мүше болса, соның 30 пайызы дәрігерлер. Партия Елбасының тапсырмасымен саяси ұйымды қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қарқынды жүргізіп келеді. Сондықтан партия құрамы қоғам белсенділерімен әлі де толығатыны заңдылық.