«Үстірт, біржақты және әділетсіз»: СІМ өкілі Еуропарламент қабылдаған қарарға пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

1 ақпанда Еуропа парламенті Қазақстанда адам құқықтарының бұзылғаны туралы қарар қабылдады

көрнекі фото

Жуырда ЕуроПарламент Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуына қатысты арнайы қарар қабылдады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропарламенттің қарарына қатысты түсініктеме берді.

«Қарарда Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты үстірт, біржақты және әділетсіз сын бар деп есептейміз. Біздің пікірімізше, қарардың мәтіні еліміздегі істердің нақты жағдайын бұрмалап, деструктивті топтардың жалған ақпаратымен қамтамасыз етілген теріс ниетті саясаткерлердің бастамасымен жасалған. Қазақстан адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін мақсатты және жүйелі түрде іске асыруда», - деді Айбек Смадияров. 

СІМ ресми өкілінің айтуынша, Еуропарламенттің бұл құжаты оны дайындау кезінде пайдаланылған мәліметтердің нақтылығына қатысты толық түсінбестік пен түсініспеушілік тудырады.

«Брюссельдегі кейбір қарарларды еуродепутаттар фактілерді мұқият тексермей немесе мәселенің мәнін зерттемей «автоматты түрде» қабылдайтынын білеміз. Осыған байланысты, жаңа қарарда дәстүрлі түрде бір құжаттан екінші құжатқа «көшіп жүретін» көптеген «ескі кейстер» бар екендігі бізді таңғалдырмайды. Сондай-ақ, бірқатар Еуропарламент мүшелері еліміздің дамуындағы өзекті үрдістерге қатысты оң пікірлеріне қарамастан, өз партияларындағы ішкі тәртіпке сәйкес осы қарарды қабылдауға дауыс бергенін түсінеміз», - деді ведомствоның ресми өкілі.