Қытай мен АҚШ арасындағы жағдай ушықса, үшінші мемлекетер таңдау жасауға мәжбүр - саясаттанушы

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ президенті Қытайдағы қудалау әрекеттерін сынға алды

Қытай президенті Си Цзиньпин АҚШ көшбасшысы Джо Байденмен сөйлесу барысында екі ел арасындағы қақтығыс әлем елдеріне кері әсерін тигізетінін мәлімдеді. Бұл туралы Риа Новости хабарлайды.   

АҚШ тарихындағы 46-президент Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин алғаш рет телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы саяси дауға қатысты мәселелерді талқылады.

АҚШ презинденті өзін Қытайдағы қысым жасау әрекеті алаңдататынын, қудалау әрекеттерін сөз еткен.

«Президент Байден Пекиннің мәжбүрлі және әділетсіз экономикалық әрекеттері, Гонконгтағы қудалау, Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы және аймақтағы, соның ішінде Тайваньға қатысты тұрақсыз әрекеттеріне алаңдаушылығын білдірді», - делінген Ақ үйдің хабарламасында.

Өз кезегінде ҚХР президенті «бұл елдің ішкі саясатына қатысты мәселелер, сондықтан да АҚШ Қытайдың егемендігі мен оның құқықтарын құрметтеуі тиіс» екендігін ескертті.

Еліміздегі Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Америка тарапынан болған мұндай пікір Қытайдың ішкі саяси ұстанымына әсер етуі екіталай екендігін айтады.

«Геосаяси күресте Америка Қытайдың позицияларын әлсірету үшін адам құқығы мәселесін бірінші орынға қойып отыр. Бұл шаралар ары қарай жалғаса беретін болады. Бұдан кейін Қытайға қарсы тағы да жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін. Бірақ Қытай өз позициясынан таймайтыны анық. Сондықтан бұл мәселе жақын арада шешіле қоймас. Өйткені, Америка сияқты алып мемлекеттің өзі Қытайдың ұстанымын өзгерте алмай отыр», - деді сарапшы.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Пекин мен Вашингтон арасындағы ынтымақтастықты орнату екі ел үшін де тиімді таңдау болмақ.

«Қытай-Америка ынтымақтастығы АҚШ пен Қытай үшін де, бүкіл әлем үшін де қолайлы. Мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық бүкіл әлем үшін қауіпті», - дейді Қытай орталық телеарнасы Си Цзиньпиннің сөзін келтіріп.

Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков те екі ел арасындағы сауда соғысы мен технологиялық бәсеке үшінші мемлекеттер үшін қиындық туғызатынын айтады.

«Америка да, Қытай да өзіне одақтастар іздеп, қарсыласын жазалайтын болады. Яғни, АҚШ әлемге барынша өзінің технологиялық стандарттарын ұсынады. Қытай да осы бағытта әрекет етпек. Біздің Қазақстан сияқты елдерді таңдау жасауға мәжбүрлеуі мүмкін. Нақтырақ айтқанда, Қытайдың немесе АҚШ-тың платформасын таңдауға тура келеді. Қате таңдау жасалса, бізге қарсы шаралар қолданылуы мүмкін», - деді Сарабеков.

Көшбасшылар телефон арқылы болған әңгімелесу әлемге оң ықпалын тигізеді деген сенімде. Сондай-ақ, тараптар COVID-19 пандемиясымен күресу, климаттың өзгеруі және қару-жарақ мәселелері бойынша да пікір алмасқан.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан