Бұған дейін ол Өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрі қызметін атқарған
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Сердар Бердімұхамедовты вице-премьер, жоғары бақылау палатасының төрағасы етіп тағайындады және Түрікменстан мемлекеттік Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енгізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі РБК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа ел Үкіметі мен Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің бірлескен отырысында қол қойды.
Бердімұхамедов жаңа вице-премьердің міндеттері цифрландыру, мемлекеттік және қоғамдық құрылым жүйесіне, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы және экономикаға инновациялық технологияларды енгізу болатынын атап өтті.
«Мен министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Түрікменстан жоғары бақылау палатасының төрағасы, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде Сердар Бердімұхамедовты тағайындаймын. Оны Өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрі қызметінен босатамын», - деді түрікмен басшысы.
Министр лауазымына бұрын осы ведомство министрінің орынбасары қызметін атқарған Баймырат Аннамаммедов тағайындалды.
Сердар Бердімұхамедов Өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрлігін 2020 жылдың ақпан айында басқарды.