Мексика шекарасында қабырға құрылысы тоқтатылды
20 қаңтар, сәрсенбіде АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыстағы бірқатар ел өкілдерінің Америка аумағына кіруіне тыйым салатын бұрынғы заңның күшін жоятын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі reuters.com-ға сілтеме жасап.
Осылайша, Иран, Йемен, Ливия, Сирия, Сомали және Чадтан шектеулер алынып тасталды.
Сонымен қатар, Байден өзінің әкімшілігіне бала кезінде АҚШ-қа иммиграцияланған тұрғындарды депортациялаудан қорғайтын DACA (Deferred Action for Childhood Arrivals) бағдарламасын күшейтуге шақырды.
2017 жылы қызметке кіріскеннен кейін бірден АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Америкада тұратындармен отбасылық байланысы болмаған жағдайда Иран, Ирак, Йемен, Ливия, Сирия, Сомали және Судан азаматтарына елге кіруге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлықты жергілікті деңгейдегі бірқатар сот органдары заңсыз деп тапты және ол редакцияланды. Ирак пен Судан тізімнен шығарылды, бірақ оған Чад және КХДР азаматтары мен Венесуэла шенеуніктері қосылды.
Байденнің президент ретіндегі алғашқы жарлықтары мен енгізген басқа да өзгерістері:
АҚШ-тың 2015 жылғы Париж климаттық келісіміне оралуы. Бұл қоршаған ортаға көміртегі шығарындыларын азайтуды білдіреді. Шартқа қосылу туралы құжат БҰҰ-ға беріледі, ол 30 күннен кейін күшіне енеді.
АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығуын болдырмау. Вашингтон ұйымға 2020 жылдың жазында шығу процедурасының басталғаны туралы хабарлады. Трамп ДДСҰ-ны пандемияның басында жіберген қателіктері үшін бірнеше рет сынға алды.
Мексика шекарасында қабырға құрылысын тоқтату.
Канададан АҚШ-қа келетін Keystone XL құбырының бір бөлігін салуға рұқсатты қайтарып алу.
Құрылысқа экологтар мен белсенділер наразылық білдірді. Құрылыс президент Барак Обаманың басшылығымен тоқтатылды, бірақ 2017 жылы Трамп оны жалғастыруға рұқсат берді.
Сонымен қатар, Байден барлық федералды нысандарда маскаларды міндетті түрде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы жарлыққа қол қойды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан