Төменгі палатада ассамблеяның 9 орны бар
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІІ сессиясы жұмысын бастады. Сессия барысында Парламент Мәжілісіне ҚХА атынан депутаттар сайланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынға еліміздің барлық өңіріндегі республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен ҚХА мүшелерінің делегациясы, қоғам қайраткерлері, ғылым және шығармашылық зиялылар, ҚР-да аккредиттелген халықаралық байқаушылар және БАҚ қатысады.
Сессия ашылған соң «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 93-1 бабына сәйкес Ассамблея мүшелерінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа ҚХА Кеңесі ұсынған кандидаттарға дауыс беруі жүзеге асырылады. Сағат 07.00-де Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру пунктін ашады. Қалалық сайлау комиссиясы Мәжіліске депутаттарды сайлауға дауыс беру қорытындысын жариялаған соң сессия жұмысын аяқтайды.
2020 жылдың 24 желтоқсанда ҚР Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліске ҚХА атынан сайлауға түсетін 9 депутатты тіркеген еді.