Храпуновтар ісі: Швейцария прокуратурасы тергеуді тоқтатты

Автор: Azattyq Rýhy

Виктор Храпуновқа қатысты тергеу шаралары алты жыл бұрын басталған болатын

Фото © Sputnik

Швейцария прокуратурасы Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновқа қатысты тергеуді тоқтатты, деп жазады Sputniknews сайты Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу шаралары 6 жыл бұрын басталған болатын. Осы іс бойынша Храпуновтың өзі және оның отбасы мүшелері жауапқа тартылған еді. Тергеу кезінде экс-әкім Швейцарияда тұрды.

«Мемлекеттік айыптаушы істі тоқтату туралы бұйрықты шығарғанын растайды. Осы құжаттар барлық мүдделі тарапқа 14 қарашада жіберілді. 25 қарашаға дейін бұйрыққа қатысты шағым түсіруге болады», - деді Женева прокуратурасының өкілі.

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновтың ісі бойынша сырттай үкім шығарып, оны жемқорлық пен мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырды.