Мемлекет басшысы Ауғанстан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Қабыл университетінде жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан 20-дан астам азамат қаза тапқан болатын

 
© Reuters

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қабыл университетінде жасалған жантүршігерлік лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың жазықсыз қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

«Осындай қаралы сәтте орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, жақындарынан айырылған отбасылар мен барша Ауғанстан халқына қазақстандықтардың және өз атымнан көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті қасіретті оқиғада зардап шеккен адамдардың тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетсек, дүйсенбі, яғни 2 қараша күні Ауғанстан астанасындағы университет аумағына қарумен басып кірген үш лаңкес кітап көрмесіне жиналған жұртқа оқ атып, шабуыл жасаған. Соның салдарынан 20-дан астам адам қаза тауып, 22 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Лаңкестердің өзін арнайы жасақ жауынгерлері атып өлтірді.