Үйлену тойының видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев карантиндік шектеулерге қарамастан той жасап, басы дауда қалған Ақжол ауылдық округінің (Ақжайық ауданы) әкімі Татжан Өтемісовке қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Бұл нағыз зиянкестік. Бұл іспен айналысу керек. Мұндай адамдарға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Облыс әкімінің аппараты бұл істі бақылауына алсын», - деді Ғали Есқалиев шұғыл штаб отырысында.
Ал, облыстық мониторинг тобының өкілдері өңірде той жасағысы келетіндердің түрлі қулыққа баратынын айтты.
«Көліктерін мейрамханадан алысқа тастап кетеді, қонақтардың кіріп-шығатын есігін басқа жақтан ашып қояды. Терезелерін түгел пердемен бүркеп, сырттан көрінбейтіндей етеді. Оралдағы мейрамханалардың бірінде полицейлер тойдағы қонақтарды түгел қайтарғанымен, олар бірнеше уақыттан кейін аталған орынға қайта жиналған», - деді БҚО әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев.
Облыс әкімі тексерушілерге есігін ашпаған ғимараттардың есігін бұзып ашуға рұқсат екенін ескертті.