Назарбаев ұсыныс жасады: Кремльдің жауабы қандай?

Автор: Azattyq Rýhy

Елбасы Путин мен Зеленскийдің кездесуін Қазақстанда өткізуді ұсынды

Фото: sputniknews.kz

«Astana club»-тың бүгінгі отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Путин мен Зеленскийдің «тет-а-тет» кездесуін Қазақстанда өткізуге мүдделі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина президенті өз келісімін берген, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.

Кремль Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мен Киевтің қарым-қатынасын реттеуге деген ұмтылысын жоғары бағалайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты.

Песковтың сөзіне қарағанда, Ресей басшысы украиналық әріптесімен кездесуден ешқашан бас тартқан емес. Ал Путиннің өзі кездесудің пайдасы аз деп санайды. Сондықтан ондай кездесулерге тиісті деңгейде дайындалу қажет. Ал дәл қазір барлығы «норманд форматындағы» кездесулерге басымдық беріп отыр.

«Бүгінде барлығымыз «норманд форматындағы» процестерге басымдық беріп отырмыз. Әрине, ол үшін тараптар Минск қаласында келісілген міндеттерді орындауы қажет», - дейді Песков.

Осы орайда журналистер Назарбаев пен Путиннің әңгімесі қай жақтың бастамасымен болғанын сұрады. Путин өзіне Зеленскиймен кездесуге ұсыныс жасалатынын алдын ала білді ме? деген сауал қойылды. Песковтың айтуынша, әңгіме екі жақтың өзара келісімі бойынша болды. Дәл сол кезде Зеленскиймен кездесуге қатысты ұсыныс жасалған болатын.