Таулы Қарабақтағы қақтығыс: Әзірбайжан армиясы ұрысқа жаңа күштер енгізді

Автор: Azattyq Rýhy

ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары қақтығыс тараптарына қаза тапқандардың денесін шығару үшін гуманитарлық бітім жариялауды ұсынды

Сенбі күні таңертең Армения қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақтың солтүстігі мен оңтүстігінде болған қиян-кескі ұрыс туралы мәлімдеді. Армян тарапының ақпараты бойынша, Әзірбайжан армиясы ұрысқа жаңа күштер енгізді.

Бір күн бұрын Ресей, Франция және АҚШ өкілдері кіретін ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары қақтығыс тараптарына қаза тапқандардың денесін шығару үшін гуманитарлық бітім жариялауды ұсынды, деп хабарлайды euronews.com

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзірбайжанның шабуылды жалғастыруын қолдап, соғыс қимылдарының басталуына Армения тарапын кінәлады.

«Бауырлас Әзірбайжан мемлекеті біздің жерлерімізді қорғау және Таулы Қарабақты басқыншылықтан босату үшін шабуыл жасады. Әзірбайжан әскері сәтті қимылдап, көптеген аумақтарды азат етті. Біз Әзірбайжан жағындамыз», - деді Режеп Тайып Ердоған.

Әзірбайжан әскери күші артиллериялық және әуе соққысымен «жаудың күші мен техникасының едәуір бөлігін» жойғанын мәлімдейді. Жараланған Қарабақ тұрғындарына медициналық көмекті Армениядан келген дәрігерлер көрсетіп жатыр.

Айта кетерлігі, жұма күні танылмаған Таулы Қарабақ республикасының астанасы Степанакертке төрт зымыран атылды. Зымыран шабуылы нәтижесінде ТЖМ құтқару қызметінің ғимараты зақымданды, бір адам қаза тапты, тағы 11 адам жарақат алды.

Сенбі күні таңертең Армения Қорғаныс министрлігі НКР Әуе қорғанысы Әзірбайжан әскери ұшақтарын атып тастады деп мәлімдеді. Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды.