«Nur Otan» шымкенттік «белсендінің» мәлімдемесіне қатысты жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

«Nur Otan» өкілдері партияға мүше болу әр қазақстандықтың өз таңдауы екенін айтты

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Мәртөбе» бастауыш партия ұйымынан праймеризге қатысып жатқан Оразәлі Кенжебековтің әлеуметтік желіге жариялаған бейнежазбасына жауап берді. Видеоүндеуде кәсіпкер партия қатарынан шығатынын, өз еңбегінің еленбей қалғанын айтқан болатын.

Партия филиалы О.Кенжебектің мәлімдемесін құрғақ қызыл сөз бен негізсіз эмоция деп бағалады. Кәсіпкер «Nur Otan» партиясының қызметіне көңілі толмайтынын, өйткені партияға мүшеліктің ешқандай пайдасын көрмегенін мәлімдеген. Ол партия игілігі үшін 15 миллион теңгеге қайырымдылық жасағанын, карантин кезінде медициналық маска тіктіріп, оны тегін таратқанын айтты. Алайда, қайырымдылық іс партия игілігі үшін емес, қарапайым халыққа көмек үшін жасалуы тиіс дейді партиялықтар.

«Кәсіпкер ретінде Оразәлі Кенжебеков қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен белсенді айналысқаны рас. Атап айтқанда, ол медициналық бетперде тігу цехын ашты, ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қаланың 100 көпбалалы және аз қамтылған отбасына тігін машиналары мен электр пештерін сыйға тартты. Бірақ О.Кенжебеков үшін де, партияның басқа кез келген мүшесі үшін де қайырымдылық жасау тек ерікті іс болып табылады. «Nur Otan» қоғамдық ұйым ретінде адамдарды меценаттыққа мәжбүрлей алмайды», - делінген партия филиалының әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, партия филиалының өкілдері праймериздің әділетсіз өтіп жатқаны туралы мәлімдемеге қатысты да жауап берген.

«Праймериз әділетсіз өтіп жатыр, еңбегімді елемей мені сатып кетті деуі негізсіз. Себебі, партиялық іріктеу жүйесінің өзі, атап айтқанда электронды дауыс беру механизмі нәтижелерді бұрмалау мүмкіндігін толығымен жоққа шығарады. Праймериздің нәтижесін партия емес, халық, қарапайым сайлаушылар шешеді. Партия бір адамға бөле-жара назар аударып, айрықша жағдай жасамайды. Егер олай істесе әділетсіздіктің нақ өзі сол болады. Партия мұндай қадамға бармайды», - делінген аталған жазбада.

Ал партияға мүше болу әр қазақстандықтың өз таңдауы дейді «Nur Otan» өкілдері.

Бұл «мәлімдемеге» қатысты әлеуметтік желі қолданушылары да өз пікірлерін ортаға салыпты. Оразәлі Кенжебековтің бейнежазбасына таң қалып отырғанын айтқан танымал журналист, партия мүшесі Әбдез Рахманұлы «бұл мәлімдеме емес, құр байбалам» деп жазды әлеуметтік желіде. Сөзіне дәлел ретінде таяуда «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың праймериздің өту барысымен танысу үшін шымкенттік партияластармен кездесуіндегі сәтті тілге тиек еткен. Сол кездесу барысында Оразалы Кенжебеков «тізімдер алдын ала жасалып қойған. Кімнің өтетіні белгілі. Мектеп директорларымен кездестім, оларға жан-жақтан қысым көрсетіліп жатыр» деген көрінеді.

Сол сәтте А.Қырықбаев «Мына келтірген дерегіңізді біз тексереміз. Оны қайдан алдыңыз, кім түзіпті? Қай мектеп директоры айтты, қысым көрсеткен кім, соны айтыңызшы?! Жедел түрде шара көреміз» дегенде, О.Кенжебеков ешқандай дерек келтіре алмаған.

«Оның үстіне праймериз бастала салысымен сөз қуып, ілік іздеп, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп жанжалдасып жүруіңнің өзі де көп нәрсені аңғартқандай. Көптің сөзін айтамын, мүддесін қорғаймын деген адам парасатты, бір сөзді болуы керек қой. Өкінішке қарай, сенің ісіңнен мұны байқай алмай отырмын» - деп жазды Ә.Рахманұлы.

Сондай-ақ, партия мүшесі Дамир Мұсаев желідегі парақшасында Оразәлі Кенжебековтің бұл ісі орынсыз екенін айтып, «Әділетсіздік болса, оны нақты ашып айтуы керек. Праймериздің талапқа сай өтуін қадағалайтын, олқылықтар болса, шара қолданатын партиялық бақылау комиссиясы бар, тағы басқа да бақылаушылар бар. Орынсыз байбалам салып, жарияға жар салып отырғаны ешбір әдепке жатпайды», - деп жазды.

Сөз ыңғайына қарағанда, мәлімдеме жасаушыны бұрыннан білетін партия мүшесі Ақжарқын Әбілдаева оның «партия үшін қаражат жұмсадым, тігін машинасын тараттым» деген сөзін сөкет көріп, «Мұны несіне міндет жасап отырсыз? Оны партияға емес, халық үшін жасадыңыз емес пе?! Әлде оның барлығы жасанды қойылым болды ма? Әлде көксегеніңіз – билік пе? Халқымыз «Сауапты істі санамай істер болар» деген. Аузыңызға қайта-қайта Алланы аласыз. Ал, айтып отырғаныңыз және істегеніңіз мынау. Бұл Құдай деген адам айтатын сөздер емес қой? – деп айран-асыр қалғанын жасырмапты. Ал Sholpan Zharkay деген желі қолданушысы болса, Оразалы Кенжебековтің бұл мәлімдемесін «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері деп бағалапты.

Көріп отырғанымыздай, Оразәлі Кенжебековтің бұл мәлімдемесі партияластар тарапынан болсын, қарапайым желі қолданушылары тарапынан да ешқандай қолдауға ие болмаған. Оны қоштап лайк басып, бөліскендер саны оннан аспапты.