Тоқаев Жапонияның жаңа премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін үкімет басқарған Синдзо Абэ денсаулығына байланысты өз еркімен отставкаға кетті

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның премьер-министрі Ёсихида Сугаға аса жауапты лауазымға сайлануымен құттықтап жеделхат жолдады.

Жеделхатта жаңа Үкімет басшысының ел дамуына және жапон халқының берекесін баянды етуге, Жапонияның әлемдік қауымдастықтағы беделін одан әрі арттыруға бағытталған игі істері мен бастамаларының табысты болуына тілектестік білдірген.

«Қазақстан мен Жапония арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген мазмұнды саяси диалогымызды, әртүрлі салалардағы жемісті ынтымақтастығымызды өрістете түсу үшін сізбен күш-жігер жұмылдыруға дайын екеніме сендіремін», – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қалыптасқан стратегиялық серіктестікті одан ары нығайту мақсатында, Жапонияның премьер-министрі Ёсихида Суганы Қазақстанға сапармен келуге шақырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ёсихида Сугаға аса жауапты қызметте сәттілік, жапон халқына құт-береке тілеген.