Саакашвили Грузия үкіметін басқарса, өзгерісті неден бастайтынын айтты
Михаил Саакашвили Грузияға қайта оралып, жаңа реформа жасауды жоспарлап отыр
Белгілі саясаткер Михаил Саакашвили 31 қазанда Грузияда өтетін парламент сайлауында оппозиция жеңіске жететін болса, өзінің премьер-министр болуға мүмкіндігі барын айтты. Сондай-ақ саясаткер Грузия үкіметін басқарған жағдайда елдің жағдайын көтеру үшін не істейтіні туралы жоспарымен бөлісті.
2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор еліне халық тарапынан жаппай қарсылық пен тәртіпсіздік туындамаған жағдайда ғана келе алатынын, сондай-ақ премьер-министр лауазымында 2 жылдан артық отырмайтынын айтты.
«Полиция басшысын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам жүргізген конкурс негізінде тағайындау керек және парламенттің көпшілік даусымен мақұлдануы тиіс. Әділет министрі де парламенттің көпшілік даусымен, сондай-ақ оппозицияның келісімімен сайлануы керек. Ал, сот жүйесіне келетін болсақ, біз міндетті түрде Грузияның Жоғарғы сотына тұрақты негізде жұмыс істеу үшін Америка, Англия, Франция және тағы басқа елдерден шетелдік мамандарды тартуымыз керек. Ал, төменгі инстанциядағы судьяларды қоғам өзі сайлауы тиіс. Сонда ғана соттың төрелігіне ешқандай билік араласа алмайды», - деді Саакашвили ұсынысында.
Оның айтуынша, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі таратылып, сырттан келетін тыңшылық, диверсиялық әрекетке қарсы күресуді, шет елдерден төнетін қауіптің алдын алу жұмыстарымен айналысу үшін тек барлау қызметі қалады.
«Салық полициясы таратылады және салық баптары түгелдей криминалсыздандырылады. Кәсіпкерлердің жұмысына құқық қорғау органды араласа алмайды. Бұл экономиканың қарқынды дамуы үшін өте маңызды», - дейді экс-президент.
Саакашвили бұрын ел басқарған кезде жіберген қателіктері үшін халықтан кешірім сұрады және жиған тәжірибесі оған ел үкіметін басқарған сәтте көмектесетінін айтты.
Парламентке аралас жүйе бойынша 150 депутат сайланады: олардың көбі партия тізімі бойынша, қалғаны мажоритарлық бір мандатты округ бойынша.
Тамыз айында Грузияның «Біртұтас ұлттық қозғалыс» оппозициялық партиясы ел билігі оны сырттай соттағанына қарамастан, Михаил Саакашвилидің кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынды.
Михаил Саакашвили 2008-2013 жылдары Грузия президенті болды. Саакашвилидің орнына келген жаңа билік оны «жемқорлық жасады», «өкілетін асыра пайдаланды» деп айыптады. Кейінірек сырттай алты жылға бас бостандығынан айырды. Америкаға кеткенде айыпталған экс-президент 2014 жылы Киевке көшіп келіп, Украина азаматтығын алды.
Сол кездегі Украина басшысы Петр Порошенко оны Одесса облысының губернаторы етіп тағайындап, арада 2 жыл өтпей жатып айналасымен тіл табыса алмағаны үшін отставкаға жіберді. Тіпті, 2017 жылы Порошенко оны Украина азаматтығынан айырды. Алайда, 2019 жылы билік басына келген Владимир Зеленский оның азаматтығын қайтарып, қызмет ұсынды.