Қазір Жапонияның Кюсю, Кансай және Тюбу аймақтарында еліміздің үш құрметті консулдығы жұмыс істейді
«Toyota Tsusho Corporation» компаниясының вице-президенті Хидеки Янасені Тюбу аймағындағы Қазақстанның құрметті консулы етіп тағайындау рәсімі өтті.
Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Хидеки Янасеге консулдық патентті табыс етті.
Іс-шара барысында қол қойылған келісімге сәйкес, құрметті консулдық екіжақты іскерлік қатынастарды нығайтуға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аударады.
«Toyota Tsusho Corporation» бас кеңсесі елдің озық индустриялық хабы және өндірістік базасы саналатын Тюбу өңірінің әкімшілік орталығы – Нагоя қаласында орналасқан. Автомобиль жасау, машина жасау, металл өңдеу және электротехника сияқты көптеген салаларға негізделген аймақтың экономикасы Жапония ЖІӨ-нің шамамен 20% құрайды.
Рәсім барысында елші қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан мен Жапония арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірқатар нақты іс-шаралар айқындалғанын айтып, Х. Янасенің іскерлік қасиеттері мен жұмыс тәжірибесі ҚР құрметті консулы қызметін лайықты атқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Құрметті консул өңірдің әлеуетін ескере отырып, Жапония мен Қазақстан арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға күш-жігерін салатынын растады.
Қазір Жапонияда Кюсю, Кансай және Тюбу аймақтарында еліміздің үш құрметті консулдығы жұмыс істейді.
Коронавирус індетінің әсеріне қарамастан, ағымдағы жылғы қаңтар-маусым аралығында ҚР мен Жапония арасындағы екіжақты тауар айналымы 805 млн АҚШ долларын құрап, 2019 жылғы деңгейде болды. Ал қазақстандық экспорт 550 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті.
«Toyota Tsusho Corporation» қызметінің негізін автомобиль жасау және машина жасау құрайды, сондай-ақ ол металл, энергоресурс, химия және электроника өнімдерімен сауда жасайтын жаһандық компания.