ШҚО-да праймеризге қатысушылардың дені - әйелдер

Автор: Azattyq Rýhy

 Оның ішінде 18 көпбалалы ана бар

Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Шығыс Қазақстан облысында Nur Otan партиясының праймеризіне кандидаттыққа 1065 адам өтініш білдірді.

Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Nur Otan партиясының ШҚО бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков мәлім етті.

«Кандидаттыққа ұсынушылардың 41%-ы әйелдер мен 23,4%-ы жастар екенін айта кеткен орынды. Соның ішінде Үржар ауданы Қабанбай ауылындағы ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейтін көпбалалы ана бар», - деді Олег Чугунков.

Тікелей эфир барысында Олег Чугунков кандидаттыққа ұсынушылардың арасында ең жасы 18-де болса, ең үлкені 73 жаста болғанын атап өтті. Алайда ережеге сәйкес, кәмелеттік жасқа енді толған жасөспірім қабылданбаған.

«Аймақтағы азаматтардың праймеризге деген қызығушылығы жоғары. Бұл жерлестеріміздің маңызды саяси шараға бей-жай қарамайтынын аңғартады. Біз осы праймериз жұмыстарына қатысып жатқан азаматтарды келесі кезеңдерде де белсенді болуға шақырамыз», - деді Олег Чугунков.

14 қыркүйек күні жарыс түрінде пікірсайыс ұйымдастырылады. Оған кандидаттар міндетті түрде қатысуы тиіс. Тікелей эфирге қатысқан Nur Otan партиясының ШҚО бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары осылай деді.

«Кандидаттарға басқа үміткерлерге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, кандидаттар жеке қаражаттары есебінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады», - деді Олег Чугунков.

Праймеризге қатысу ережелері туралы толық ақпаратты nurotan.kz және primaries.kz сайттарынан көруге болады.