Қазақстан 2020 жылы бітімгерлік миссияға 1,7 миллион доллар жұмсаған

Автор: Azattyq Rýhy

БҰҰ бір жылда бітімгерлік операцияларға 6,5 миллиард доллар жұмсады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан 2020 жылы бүкіл әлем бойынша бітімгерлік операцияларына 1,7 миллион доллар жұмсаған. Бұл туралы БҰҰ бітімгерлік операциялар департаментінің баспасөз қызметі DalaInform-мен бөлісті.

«Қазақстан бітімгерлік бюджетке аударымдар бойынша 0,0356% мөлшерлемемен 58-ші орында тұр. 2020 жылғы 17 тамыздағы жағдай бойынша оның бітімгершілік операцияларына қосқан үлесі 1 690 480 долларды құрайды», - делінген халықаралық ұйымның хабарламасында.

БҰҰ-ның мәліметінше, Ливанда бітімгерлік миссиясымен жүрген Қазақстанның 2 азаматы италиялық контингент құрамына кіреді және Үнді бітімгерлік батальоны құрамындағы 120 қазақстандық әскери бар. Қазақстандық бітімгершілерге берілетін төлем Италия мен Үндістан арқылы, олардың екіжақты келісімі негізінде қазақстандық шот арқылы жүзеге асырылады.

 «2019 жылдың қазан-желтоқсан айлары үшін соңғы төлем сәуір және мамырда жүргізілген. 2020 жылдың қаңтарынан наурызға дейінгі кезеңдегі шығындар шоттарға орналастырылды. Енді 2020 жылдың сәуір-маусым айларына арналған өтінімдер қаржылық жағдайға байланысты қыркүйек айында төленеді», - делінген хатта.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери бітімгерлік күштер өздерінің шені мен жалақы шкалаларына сәйкес үкіметтерінен ақшалай жәрдемақы алатынын хабарлады. БҰҰ әскери қызметкерлерін бітімгерлік операцияларына қатысуға БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен ставка бойынша өз еркімен жіберген елдердің шығындарын өтейді.

2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 30 маусымына дейін БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларға бөлген қаражаты 6,5 миллиард долларды құрайды.