Елде 10 тамыздан бері жаппай ереуілдер жалғасып келеді
Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі қарсылық акцияларынан мемлекетке келген шығын кем дегенде, 500 млн долларды құрайды. Бұл туралы 19 тамызда Лукашенконың қаржы-несие жүйесі бойынша көмекшісі Валерий Бельский айтқан еді. Ол неше жылдар бойы қалыптасқан шетелдік несиелеудің тәртібі бұзылғанын, елдің инвестициялық тартымдылығы жоғалып бара жатқанын жеткізген.
Belta агенттігі жазғандай, кеше президент Александр Лукашенко бірінші вице-премьер мен қаржы министрін қабылдап, елдің сыртқы қарыздарынан құтылу мәселесін талқылады.
«Оны қайта қаржыландыру керек болса, ақшаны қай бағыттар бойынша жұмсайтынымызды ойлануымыз керек... Әрине, оңай уақыт емес. Біз адамдарды коронавирустан емдеуге көп ақша жұмсадық. Сонымен қоса, көшедегі мына жүрістер, акциялар, митингтер бар. Ол ақшаны ешкім есептеп жатқан жоқ қой. Бірақ қосымша шығындар қанша болатыны белгісіз», - деді Лукашенко.
2020 жылғы 1 сәуірдегі есеп бойынша, Беларусьтың сыртқы қарызы $39,5 млрд болған. Оның 16,7 млрд доллары тікелей Үкіметтің, 19,6 млрд доллары банктер мен корпорациялардың қарызы. Ал Беларусь Орталық банкінің резерві – $9 млрд.
Беларусь қаржы министрі Юрий Селиверстов биыл бюджетке 5 млрд беларусь рублі түспей қалатынын айтты. Оған коронавирус пандемиясы мен Ресеймен арадағы мұнай жеткізу проблемасы әсер етті. Экономистер елдегі қарсылық акциялары мен Еуропа елдерінің қысымын қосқанда, бұл қиындықтың тек басы ғана деп отыр.
ЖҰРТ ЖАППАЙ $ САТЫП АЛЫП ЖАТЫР
Беларусь жұрты саяси жағдай шиеленісіп бара жатқандықтан «сақтану» үшін валюта айырбастау пункттеріне кезекке тұрып, валюта сатып алуда. Доллар мен еуроға сұраныс беларусь рублінің бағасын аталған валюталарға шаққанда 3-7%-ке арзандатып тастады. Айырбастау пункттерінің біразында қолма-қол валюта таусылып қалған. Әрине, жағдай елде девальвация болу қаупін күшейте түседі. Дегенмен, валюталық резервтің көбі қолма-қол емес формада сақталған. Алайда оны нарыққа шығарғанша уақыт керек. Айырбас нүктелеріндегі дефицитті экономистер осымен байланыстырады.
Оның үстіне, Беларусь халқы банк депозиттеріндегі ақшаларын да шешіп алып, үйлерінде сақтауға көшті. Бұл – мемлекетке деген сенімсіздіктің айқын көрінісі. Соңғы мәліметтер бойынша, валюталық депозиттерден қаржының жылыстауы 10%-дан асып кеткен. Тамызда одан да жоғары болуы мүмкін.
Ал Еуроодақтың жекелеген саяси тұлғаларға салатын санкциясы Беларусь халқының табысына тікелей әсері болмайды делінгенімен, шетелдік инвесторлардың саны азаятыны сөзсіз.
МҰНАЙ ӨНДІРУШЕЛЕР ДЕ ЕРЕУІЛГЕ ШЫҚПАҚ
Беларусь экономикасының драйвері болып отырған ірі кәсіпорын жұмысшылары да сайлау өткеннен кейін қарсылық білдіріп, ереуілдерге шығып жатыр.
«Нафтане» мұнай өңдеу зауытының мұнайшылары егер Лукашенко өз еркімен кетпесе, 29 тамызда ереуіл бастауға дайын отыр. Беларусь металлургия зауыты ереуілді 10 тамызда бастап кетті. 17 тамызда олар балқыту пешіне баратын жолды жауып тастап, жұмыс біраз үзілістен кейін ғана жалғасты. Беларусь трактор зауыты, МЗКТ, «Беларуськалий, «БелАЗ», «МАЗ», «ГродноАзот» кәсіпорындарының жұмысшылары да Лукашенкоға қарсылықтарын білдірді.
Аграрлық сала елдің ішкі жалпы өнімінің 6-7%-ын ғана қамтамасыз етсе, өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 25%-ға жетеді. Осыны ескеріп, өндірістің жұмысы 1 күнге тоқтап қалғанның өзінде, шығынның орасан екенін аңғаруға болады.
Беларуське валюталық түсімнің 93%-ын өнеркәсіп орындары әкеледі десек, мұнда ереуілге шығып қайта сайлау өткізуді талап еткен «Беларуськалий» кәсіпорнының үлесі зор. Ол 2019 жылы 2,78 млрд долларға тыңайтқыш сатқан.
Саясаттанушылар ондағы ереуіл туралы қауесеттің өзі елдің халықаралық қаржы нарығындағы жағдайына бірден әсер ететінін айтады.
«Өткен аптада Financial Times Германияның калий тыңайтқыштарын өндіретін кәсіпорынның акциялары «Беларуськалийдегі» ереуіл туралы әңгімеден соң-ақ бірден өсіп кетті. Егер мұндай тұрақтылық пен сенімсіздік жалғаса берсе, «Беларуськалий» көп нәрсе жоғалтады. Қытаймен келісімшарты да бұзылады. Ол ресейлік өндірушілерге жақсы», - деген ол жайлы саясаттанушы Владимир Корнилов «Россия 24» арнасына берген сұхбатында.
Жұмыс тоқтағаннан қазынаға түспей қалатын ақшаны айтпағанда, доллар бағасының өсуіне де ереуілдердің зияны үлкен.
IT КОМПАНИЯЛАР БЕЛАРУСЬТЕ ҚАЛУДЫ ҚАУІПТІ САНАЙДЫ
Беларусь экономикасының ең қатты дамып жатқан салаларының бірі – ақпараттық технология. 2005 жылы Минскіде құрылған жоғары технологиялар паркі Калифорниядағы Кремний алқабының Азиядағы баламасы іспеттес стартаптардың отанына айналған. 2020 жылғы шілдедегі есеп бойынша түрлі салықтардан босатылған аймақта 886 компания тіркелген, онда 63 мың адам жұмыс істейді. Осы компаниялар 2019 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің өсуінің 50%-ын қамтамасыз етті.
2017 жылға дейін паркті Валерий Цепкало басқарды. Биыл президент сайлауына қатыспақ болған оны кандидат ретінде тіркемей қойды. Елден кеткеннен кейін кәсіпкерге қылмыстық іс бойынша іздеу жарияланды.
Соңғы апталардағы саяси дағдарыс IT бизнес өкілдерінің өз кеңселерін уақытылы болса да Беларусьтен көшіруге мәжбүрлеп жатыр.
BBC агенттігінің жазуынша, ресейлік «интернет-алып» «Яндекс» өз қызметкерлерінің бір бөлігін Беларусьтен алып кеткен. Оған 13 сәуірдегі күштік құрылымдардың «Яндекс» пен Uber кеңселеріндегі тінту жұмыстары әсер етті. Минскіде компанияның 300 қызметкері жұмыс істейді.
12 тамызда жоғары технологиялар паркі резиденттерінің халыққа қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатып, жаңа сайлау өткізуді талап еткен хаты жарияланды. 25 тамызда оған қол қойғандар саны 4 мыңға жетті.
«Біз саясатта сарапшы болмасақ та, технологиялық бизнесте сарапшымыз. Елде технологиялық бизнес жұмыс істей алмайтын жағдай қалыптасып жатыр. Стартаптар қорқыныш пен зорлық атмосферасында емес, еркіндік пен ашықтық атмоферасында туады»,- делінген бірлескен үндеуде.
13 шілдеде әйгілі World of Tanks ойынын жасаушы Wargaming компаниясы елде төтенше жағдай болса Минскідегі өз қызметкерлерінің бір бөлігін басқа жаққа ауыстаратынын жоспарлап жатқаны белгілі болды.
22 тамызда Godel Technologies компаниясы өз жұмысшыларының біразын Украинаға ауыстырғанын хабарлады. Оған Беларусьте интернет жұмысының нашарлауы әсер еткен.
Елдегі қарсылық акциялары кезінде бірнеше күн қатарынан интернет өшкен кездер болды. Бұл, әрине, IT компаниялары үшін өте үлкен шығын.
Беларусьті жергілікті компаниялардан бөлек, шетелдік IT инвесторлар да тастап кетуі мүмкін. Мысалы, 25 тамызда Viber мессенджерінің қожайыны Rakuten-нің Бас директоры Беларуське ақша құюды тоқтатуы мүмкін екенін айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан