Беларусьте жағдай ушықса, ондағы Қазақстан азаматтарына қандай көмек көрсетіледі – СІМ жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Беларусь елінде тұратын 1165 Қазақстан азаматы бар

Фото: strana.ua

Қазақстанның Беларусьтегі елшілігінің консулдық есебінде 1165 Қазақстан азаматы тұрады. Бұл – қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғандағы есеп. Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хатында осылай делінген.

«Қандай да бір елде төтенше жағдай болса немесе біздің азаматтар қиын жағдайға ұшырап, елшіліктен көмек сұраса, бізде отандастарымызға барынша қолдау көрсету бойынша қалыптасқан алгоритм бар», - делінген хатта.

Айта кетейік, 9 тамызда Беларусьте өткен кезекті президент сайлауынан кейін Минск және басқа қалаларда толассыз митингтер өтіп жатыр. Сайлау нәтижесіне көңілі толмаған халық наразылық акцияларына шығып, Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етуде. Алайда, сайлаудың ресми нәтижесі бойынша ол 80% дауыс алды.

Әртүрлі есеп бойынша, 23 тамыз күнгі қарсылық акциясына шамамен, 100 мың адам шыққан. Осы күні Александр Лукашенконың ұлымен бірге әскери киіммен қолына қару алып жүрген видеолары тарады. Елде көптеген өндіріс орындарының қызметкерлері ереуілге шыққандықтан, жұмыстары тоқтап тұр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан