Бизнеске қол сұққандар қатаң жазалануы тиіс – праймеризге қатысушы

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде праймеризге қатысушылар саны 7 мыңға жуықтады

«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 400-ден астам адам өтінім берген. Саяси ұйымның теріскейлік филиалының мәліметінше, үміткерлердің басым бөлігі 35-50 жас аралығындағы азаматтар. Науқанға қатысуға ниет еткендердің арасында 173 әйел болса, олардың жетеуі – көпбалалы ана. Қызмет саласына жіктер болсақ, мұғалімдер белсенділік танытып отыр. Үміткерлердің 49 пайызы – білім беру саласының өкілдері.  

Кандидаттар тізімінде Рахымбек Зейнуллин де бар. Ол еңбек жолын 2014 жылы Қызылжар аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі кеңесшісі қызметінен бастаған. Кейін өңірлік «Даму» қорында мобильді кеңесші ретінде жұмысын жалғастырады. Бір жылдан астам уақыттан бері ол «Атамекен» кәсіпкердерді қолдау палатасы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қаржылық емес қолдау бөлімінің жетекшісі қызметін атқарып жүр. Жас маман саяси науқанға қатысудағы мақсаты – жолы болып, депутаттық мандатқа ие болып жатса, еліміздің кәсіпкерлік саласында кездесетін кедергілерді жоюға атсалысу дейді.

- Рахымбек Сайранұлы, саяси белсенділік танытып, «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатысуға өтінім берген азаматтардың бірісіз. Бұл саяси науқанға қатысудағы негізгі мақсатыңыз қандай?

- Орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саласында еңбек етіп жүргеніме 6 жылдан асты. Сондықтан, саладағы түрлі проблемалармен жіті таныспын деп айта аламын. Ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыз азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқытудағы қиындықтар, елдімекен, аудан, тіпті облыс орталығындағы кәсіпкердердің қордаланған мәселелері жетерлік. Солардың түйінін табуға үлесімді қоссам деймін. Праймериз осы мақсатты жүзеге асырудың мүмкіндігі деп білемін және құжаттарымды өткізіп, сол мүмкіндікті пайдаланайын деп шештім.

- Ол қандай проблемалар? Жиі кездесетін бірнешеуін айтып бере аласыз ба?

- Ең бірінші проблема – қағазбастылық. Мемлекет тарапынан бұл кедергіні жою үшін қанша жұмыс жүргізілсе де, өңірлерде бюрократия тыйылмай отыр. Яғни, адам кәсіпкер болу үшін өте көп құжат жинауы керек.

Біз жұмыс барысында көптеген азаматқа өз кәсібін ашуға қолдау көрсетіп келеміз. Олардың көпшілігінің бизнесі табысты жүріп жатыр. Дегенмен, ке келген деңгейде кездесетін кедергілер жетерлік. Әрбір кәсіпкер бір орында тұрмай, ілгерілей беруіді көздейді. Бизнестің шарты да осы. Стартап жобалар мен бизнесін ары қарай дамытуды көздейтін кәсіпкерлердің жағдайы маған жақсы таныс. Сондықтан, осы салада қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіре түсу жөнінде ұсыныстар әзірледім. Ол шын мәнінде бизнесті қолдап, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

- Қазақстанда бизнес саласы қандай қолдауға мұқтаж? Өзіңіз атап өткен ұсыныстарға кеңірек тоқталсаңыз...

- Бірінші кезекте кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағытында жүзеге асырылатын нақты шаралар жоспары бекітілуі шарт. Бизнесті қаржылай қолдаудың өңірлік бағдарламаларын жасап, жүзеге асыру керек. Әр аймақтың ерекшелігі ескерілуі тиіс. Нақтырақ айтар болсақ, өз ісін ашу немесе дамытуды көздейтін азаматтар үшін банктік қарыз алу шарттарын жеңілдету, пайыздық үстемені барынша төмендету, кәсіпкерлердің кепілге қоятын мүлкін тиісті деңгейде бағалау. Ал ауылдық жерлерде заңнамалық деңгейде жеке шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін беру, кәсіпкерлік нысанын жаңа ашып отырғандар үшін жерді пайдалану мерзімін кемінде 3 жыл мерзімге белгілеген дұрыс деп ойлаймын. Қолдаудың мұндай тәсілдері бизнес саласына тың серпін беретініне сенімдімін.

- Елімізде кәсіпкерлер құқығы қаншалықты қорғалған, бұл саладағы олқылықтарды жою үшін не істек керек?

- Бүгінгі күні мемлекет тарапынан бизнес мүддесін қорғау үшін көп көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Биыл бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Ол үш жыл бойы жалғаспақ. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектісін ашуға арналған рұқсат құжаттарын алу тәсілдері жеңілдетілді.

Алайда, жүзеге асырылып жатқан жұмысқа қарамастан, кемшін тұстар да жетерлік. Атап айтар болсам, мемлекеттік органдарда қызмет ететін лауазымды тұлғалардың бизнесмендер құқығына қол сұғуы. Мәселен, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту, бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қылмыстық іс қозғау. Менің ойымша, осындай жағымсыз жайттарды болдырмау мақсатында айыптыларды жазалау шарттарын қатаңдата түсу керек.

- Праймеризден не күтесіз? Саяси жоба қоғамға қандай өзгеріс әкелмек?

- Праймериз – еліміздегі демократияның бір көрінісі. Саяси науқанға қатысып отырған кандидаттар – түрлі саланың мамандары. Олардың әрқайсысының тың идеялары мен жаңа жоспары барына сенімдімін. Ол идеялардың барлығы қазақ қоғамын жетілдіруге, жақсарта түсуге бағытталмақ. Ең бастысы, үміткерлердің барлығы тең құқыққа ие. Сондықтан барлығына сәттілік серік болсын дегім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы, СҚО