Пандемияға байланысты төртінші бітімгершілік ротаны екіге бөліп жіберді
Бүгін Алматы облысының Қапшағай гарнизонында БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысу үшін төртінші бітімгершілік ротасының әскери қызметшілерін Ливанға жөнелтудің екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоспарға сәйкес, ротациялық тәртіппен 60 бітімгерден тұратын топ «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет өткеру үшін жіберілді. Бұл ротацияның ерекшелігі – бітімгершілік миссиясының тарихында алғаш рет құрамға десанттық-шабуылдаушы әскері ғана емес, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардың да әскери қызметшілері енгізілді.
Жалпы алғанда, төртінші қазақстандық бітімгершілік ротасының құрамына 120 әскери қызметші кіреді. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жеке құрамның денсаулығын сақтау үшін әскери қызметшілерді жіберу екі кезеңге жоспарланып, тамыз айының басында және ортасында өткізу туралы шешім қабылданды.
Олар Ливанға барғаннан кейін 2019 жылдың қарашасынан бастап миссиямен жүрген үшінші бітімгершілік ротасындағы әріптестерін алмастырады. Бітімгерлер жергілікті жерді патрульдеу жөніндегі міндеттерді орындап, халыққа көмек көрсетіп, бақылау бекеттерін ұйымдастырып, миссия штабының басқа да іс-шараларына қатысады. Күн сайын қазақстандық және үнді бітімгерлері бірлесіп 50-ге жуық міндеттерді орындайды.
Барлық әскери қызметшілер бітімгершілік қызметке қатысты БҰҰ-ның негізгі құжаттарының рәсімдері мен нормаларына сәйкес мұқият іріктеліп, оқытылды. Тапсырмаларды орындау үшін жеке құрамды дайындау тоғыз ай бойы Алматы облысындағы Н. Тілендиев оқу орталығы базасында карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» бітімгершілік миссиясына қатысуы 2018 жылдың қазан айында БҰҰ мандатына сәйкес Ливанда қазақстандық және үнді бітімгерлерін бірлесіп өрістету туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталды.