Арман Қырықбаев аймақтағы үміткерлермен онлайн конференция өткізді
Праймериз өткізу туралы шешім қабылданып, қоғамға ұсынылғанда, оның әділ өтетініне күмәнданғандар көп болды. Алайда, қазір қызығушылық танытып, партияішілік сайлауға қатысуға құжат тапсырып жатқандар саны күн сайын өсіп келеді деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев сарапшылармен өткен zoom-конференция барысында.
Аталған конференцияға праймеризге қатысушы кандидаттар, бақылаушы ретінде қатысуға өтініш білдірген мамандар қатысты.
«Праймериз – еліміздің тарихында болмаған үлкен саяси құбылыс және толыққанды демократиялық процедура. Қателеспесем, америкалық праймеризге 200-ге жуық жыл болды. Біз де қазір сол бағытқа бара жатырмыз. Партияның ішкі сайлауына қатысты көпшілік тарапынан күмәндар туындағаны анық. Бұл тұрғыда мен және өзге де әріптестерім көптеген кездесу өткіздік. Қазір партияның алдында өте үлкен әрі маңызды тапсырма тұр. Ол – сайлауға партия ішінен адекватты және бәсекеге қабілетті партия мүшелері тізімін түзу. Яғни, мәслихаттарға үміткерлер тізімінің 70%-ы праймериз арқылы анықталады», - деп атап өтті А. Қырықбаев.
Сондай-ақ, партия хатшысы саясаттанушы, журналист Нина Ивановнаның 30% квотаның кімдерге арналғанына қатысты сұрағына жауап бере отырып, үміткерлерді үгіт-насихат жұмысын жүргізгенде барынша ашық болуға шақырды.
«Шындығында, партия атынан мәслихатқа 30% көлемінде квота қойылды. Мысалы, шартты түрде мәслихатта 30 мандат болса, соның ішіндегі 10 мандатты партия тағайындайды. Партия ішіндегі сайлау аты айтып тұрғандай, мемлекеттік немесе жалпыұлттық емес, партия ішіндегі шара. Мұның бәрі қайдан шықты десеңіздер, партия тізімін бұрынғыдай өз ішіндегі механизммен жасамай, халыққа таңдау беру. Бір айта кететіні, праймеризге қатысамын деген үміткерлер мен тәуелсіз бақылаушы болғысы келетіндерге партияның есігі әрдайым ашық. Өз аймағыңыздағы түйткілді проблемаларды көтеріп, праймеризде жеңіске жетіп, елдің жанашыр мүшесіне айналыңыз. Үміткерлерді үгіт-насихат жұмыстарына барған кезде жергілікті жердің барлық проблемаларын жасырмай айтуға шақырамын», - деп аяқтады сөзін партия хатшысы.
Естеріңізге сала кетейік, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамызда басталды және 28 тамызға дейін жалғасады. Үгіт-насихатқа дайындалу үшін кандидаттарға 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн бөлінеді.
7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары, соның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында көпшілікке жария дебаттар өтеді. Дебаттар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы партияның ресми аккаунттарында көрсетіледі.