Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының 80 мыңнан астам мүшесі бар
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясы өткізгелі жатқан праймеризге байланысты үндеу жасап, өңір халқын оған белсенді қатысуға шақырды.
«Бұл – демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға серпін беретін, нағыз көшбасшыларды қарапайым ел арасынан табуды көздейтін игі қадам. Былтыр партия Төрағасы, Елбасы Н.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Осы бағдарламаға сәйкес қолға алынған праймеризге қоғам қызығушылық танытып отыр. Себебі, іріктеуде үміткерлерге тең мүмкіндік берілген. Ерекше айта кетерлігі, әйелдер қауымы мен жалынды жастар үшін де саясатқа жол ашылды», - дейді әкім.
Шөкеев қоғамда өз пікірін ашық айтып, ел мәселесін қозғап жүретін азаматтар праймериз арқылы партияның кадрлық резервіне алынып, жергілікті деңгейдегі мәслихаттарға, Мәжіліске ұсынылатынына назар аудартып отыр.
«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидасы басшылыққа алынатын саяси доданы ашық, таза әрі әділ өткізу – міндетіміз. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы праймериз өткізуге бірнеше айдан бері дайындық жүргізді. Аудан, қалаларда ұйымдастыру комитеттері құрылып, жұмыс істеп жатыр. Қазір Түркістан облысында 80 мыңнан астам партия мүшесі бар. 245 бастауыш партия ұйымы тіркелген. Праймеризде партия мүшелері үміткерлерге дауыс беріп, сол арқылы кадрлық резерв жасақталады. Жалпы, облыста дауыс беруге және дебаттар өткізуге 209 орын әзірленген», - деп жазды ол дайындық жұмыстары туралы.
Карантин талаптарын сақтау мақсатында облыста праймеризге онлайн түрде тіркелуге және дауыс беруге жағдай жасалған.
«Қазақ халқының қабырғалы қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек» деген сөзі бар. Ұлтқа адал қызмет етуді перзенттік борышым деп есептейтін болашақ көшбасшылар мен қайраткерлер Түркістан облысында көп екенін білеміз. Ендеше елдік мәселелерге алаңдайтын, жігерлі, білімді, намысты азаматтарды праймеризге белсенді түрде қатысуға шақырамын», - деп үндеу жасады Шөкеев.
Еске салайық, праймеризге азаматттар өзін-өзі ұсыну үшін 17 тамыздан 28 тамызға дейін өтініш бере алады. 7 қыркүйекте кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ал 14-30 қыркүйек аралығында үміткерлер өзара пікірсайысқа түседі. 1-3 қазанда дауыс беріліп, 5 қазанда праймериздің нәтижесі шығады.