Сириядағы операциядан кейін Ердоғанның рейтингі өсті

Автор: Azattyq Rýhy

Көрсеткіш 48%-ға жетіпті

Фото: ашық дерек көзінен

Сирияның солтүстік-шығысындағы түріктердің әскери операциясы басталғаннан бері Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның атақ-даңқы артып, танымалдығы күрт өсті. Бұл туралы Metropoll  зерттеу компаниясының жүргізген сауалында айтылған, деп хабарлайды Интерфакс.

Түрік көшбасшысының әрекеттерін мақұлдау бір айда 3,7 пайыздық пунктке артып, 48%-ға жеткен. Бұл Ердоғанның 2018 жылғы президент сайлауындағы жеңісінен кейінгі ең жоғарғы көрсеткіші.

Президенттің қызметіне Түркия халқының 33,7% қолдау білдіріп отырған жоқ, бұл 2016 жылғы сәтсіздікке ұшыраған мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыстан кейінгі ең төменгі көрсеткіш. Респонденттердің 18% қойылған сұраққа жауап бермеуді жөн көріпті.

Өткен жылы ауыр дағдарыс салдарынан түрік лирасының бағамы 30%-ға құлдырап кеткенде, ел арасында Ердоғанды қолдау әлсіреді. Елде инфляция мен жұмыссыздық күрт өсті.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған үстіміздегі жылғы 9-қазанда Сирияның солтүстік-шығысында күрд содырлары мен ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) құрамына кіретін лаңкестерге қарсы күрес жүргізу үшін «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясының басталғаны туралы хабарлаған болатын. Түркияның әскери операциясы көптеген елдердің сынына ұшырап, олардың алаңдаушылығын туғызды.