Праймеризге кәсіпкерлер де белсенді қатыспақ
Бүгін «Nur Otan» партиясы мүшелерінің өзара бәсекеге түсуіне бағытталған праймериз басталды. Оған тек саясатта жүрген азаматтар ғана емес, бизнестегі проблемалармен күнделікті бетпе-бет келетін кәсіпкерлер де белсенді қатысуға шешім қабылдаған.
Эльмира Созақбаева – кәсіпкер. Шымкент қаласы бойынша Іскер әйелдер ассоциациясын басқарады. Абай ауданындағы «Ынтымақ» бастауыш партия ұйымының төрайымы. Депутаттыққа үміткерлердің әйелдерге берілген 30%-дық квотасын пайдаланып, кәсіпкер әйелдердің құқығын қорғауға атсалыспақ.
«Шағын және орта бизнеспен айналысу қазіргі жағдайда қиын болып жатыр. Әсіресе, осы саладағы әйел азаматтарды қолдап, гранттарға, қандай да бір квоталарға, жеңілдіктерге қол жеткізулеріне көмектескім келеді. Әрине, әйелдерге бизнесте алға жылжу ер адамдарға қарағанда қиындау ғой», - дейді Э. Созақбаева.
Қазақстанда 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Іскер әйелдер асссоциациясы түрлі республикалық жобаларды жүзеге асырды. Биыл ҚР Тұңғыш Президенті қорымен бірлесіп қайырымдылық идеяларын насихаттау және дамыту, белсенді азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған «Мейірімділік керуені» жалпыұлттық акциясын ұйымдастырды. «Жәрдем» жобасына бастамашы болып, сұлулық салоны бар кәсіпкер әйелдер көпбалалы аналарды қажетті мамандықтарға оқытып, жұмысқа алды. Эльмира Созақбаева кәсіптегі әйелдердің мүмкіндігі мен қауымдастықтың жұмыс аясын кеңейтуге партияішілік праймериз уникалды мүмкіндік беретініне сенеді.
«Әрине, праймериз әйелдерге, сонымен бірге барлық азаматтарға өздерінің белсенді азаматтық позициясын көрсетуге мүмкіндік сыйлайды. Себебі, бәрі ашық түрде өтпек. Қырүйекте дебат ұйымдастырылады. Праймеризге ассоциациямыздан мен ғана емес, көптеген әйелдер қатысып жатыр. Қаратау, Әл-Фараби ауданынан үміткерлер бар. Арамыздан кім өтсе де, бизгнестегі әйе азаматтардың үні, проблемасы қажетті жеріне жететініне үміттіміз», - дейді кәсіпкер.
Еске салайық, праймеризге азаматттар өзін-өзі ұсыну үшін 17 тамыздан 28 тамызға дейін өтініш бере алады. 7 қыркүйекте кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ал 14-30 қыркүйек аралығында үміткерлер өзара пікірсайысқа түседі. 1-3 қазанда дауыс беріліп, 5 қазанда праймериздің нәтижесі шығады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан