Қазақстандық стартаптың құны 10 млрд долларға жетті: Тоқаев цифрлық экономиканың жетістіктерін атады

Автор: Алмас Ерсін

Мемлекет басшысы IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқанын, ал Astana Hub аясында 2 700 стартап пен компания жұмыс істейтінін айтты

Фото: Ақорда

Президент Қазақстанда электронды қаржы қызметтері дамығанына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Елімізде технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді.

AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеруде.

«Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.