Әлем жаңа ғылыми-өнеркәсіптік революция табалдырығында тұр – Тоқаев

Автор: Алмас Ерсін

Президент цифрландыруды реформалардың басым бағыты деп атап, әлемде жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын шығын 2,7 трлн долларға жеткенін айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы өзіне ерекше жақын екенін, өйткені реформа бағдарламасының басым бағыты ретінде жарияланғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық.

«Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды»,– деді Президент.