Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапары үшін алғыс айтты

Автор: Алмас Ерсін

 Қазақстан Президенті жасанды интеллектіні дамытуға арналған Сбербанк ұйымдастырған конференцияға арнайы қонақ ретінде барды

Фото: Ақорда

Кремльдегі кездесу барысында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге сапары үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Біз Қазақстанда да, Ресейде де, түрлі халықаралық іс-шаралар аясында да тұрақты кездесіп тұрамыз. Бұл жолы Сбербанк ұйымдастырып отырған жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі конференцияға арнайы қонақ ретінде келуге келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Сіздің Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға көп көңіл бөлетініңізді білемін. Бұл конференция сізге қызықты болады деп сенемін. Мұнда мамандардың пікірін тыңдап қана қоймай, жастармен – мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесіп, Ресей мен Қазақстан арасындағы жоғары технологиялық салалардағы, әсіресе жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты талқылауға мүмкіндік болады. Екі ел арасындағы тауар айналымы жақсы қарқынмен өсіп келеді, қазірдің өзінде 30 млрд долларға жақындап қалды. Есеп айырысулар ұлттық валюталармен жүргізіледі, оның көлемі де айтарлықтай – 90 пайыздан асады. Үкіметаралық комиссия екі тараптан да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, барлық бағыттағы жұмыс жақсы қарқынмен әрі жоғары деңгейде жүріп жатыр. Біздің тұрақты кездесулеріміз де осы үдеріске белгілі бір серпін беріп, өзара қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді Ресей президенті.

Кездесу барысында мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге барған болатын. Сапар аясында Мемлекет басшысы жасанды интеллект жөніндегі AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысады.

Бұған дейін Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі өткені хабарланған еді. Кездесу барысында Қазақстан Президенті AI Journey 2026 конференциясының маңыздылығына тоқталып, еліміздегі «Сбер» мен «Яндекс Қазақстан» компанияларының жұмысына оң баға берген болатын.